Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Н.Ілиясов – өңірдегі «Үлгілі ауыл»

Н.Ілиясов – өңірдегі «Үлгілі ауыл»

«Барлық ауыл Нағидай болсын». Осының өзі ауданға қарасты Н.Ілия­сов ауылының мерейін асырып тұр емес пе?! Республикаға үлгі етерлік елді мекен облыстық байқауда өзінің лайықты бағасын алды. «Үлгілі елді мекен» конкурсының жеңімпазы – Н.Ілиясов ауылы.

Ел Президенті өткен жылы «Қазақстан Респуб­лика­сының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойып, алдағы бесжылдықта ауылды дамыту керектігін тапсырды. Осының негізінде былтыр өңір басшысының қолдауымен қаланы абаттандыру, елді мекендерді дамыту, ауылдық жерлерде тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстарды ынталандыру, бағалау мақсатында «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсы жарияланды. Бұл бойынша аймақтағы даму қарқыны жоғары ауылдар үлгі етіліп, өзге елді мекендерді өркендетуге күш салуға ерекше назар аударылуда. Нәтижесі шығарылып, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев байқаудың жеңімпаздарын марапаттады. Аймақ бойынша батырлар ауылы атанған Нағи Ілиясов «Үлгілі елді мекен» атанды.

Жеңімпаз ауылға құрмет көрсету және аймақ бас­шысының қолдауымен «Үлгілі елді мекен» Н.Ілиясов ауы­лына берілген жер қазатын трактор және жүк тасымалдайтын «КАМАЗ» көлігін табыстау рәсіміне ар­налған мерекелік іс-шара өтті. Онда аудан әкімі Берік Сәрменбаев байқау жеңімпазы атанған ауыл азаматтарын құттықтады.

– «Үздік елді мекен» номинациясымен Сырдария ауданына қарасты Нағи Ілиясов ауылы жеңімпаз деп танылып, облыста үлгілі ауыл атанды. Бұл – біздің аудан үшін зор абырой! Бүгінде ауданға қарасты елді мекендер көркейіп, гүлденіп келеді. Оның ішінде, республикаға белгілі Нағи Ілиясов ауылының даму қарқыны ерекше. Бүгінде ауылдың экономикасы дамыған, әлеуеті артқан. Әлеуметтік нысандар жаңарып, гүлденіп, көркейген ауыл өзге елді мекендерге үлгі етіледі. Жуырда елді ме­кенде құны 450 млн теңге болатын «Еңбекшілер ал­леясының» бой көтергенін өңір жұрты мақтанышпен айтады. Сондықтан да облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен өткізілген «Үлгілі елді мекен» конкурсында Н.Ілиясов ауылының жеңімпаз болуы – бәріміз үшін ортақ абырой. Бұл ауданның, ауылдың қарқынды даму үдерісін көрсетеді. Елді мекеннің өркендеуіне мемлекеттен зор қолдау көрсетілуде. Сондай-ақ ауылдың дамуында Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевтің еңбегі өлшеусіз. Ел үшін осындай игі бастамаларды жүзеге асырып жатқан азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін! – деген аудан басшысы коммуналдық қызмет көліктерінің кілтін ауыл әкімі С.Нұрмағанбетовке табыс етті.

Мерекелік іс-шарада аудан әкімі аудан тазалығының сақталуына ерекше үлес қосып жүрген бірқатар сыр­дариялықты облыс және аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.

Иә, Нағи ауылы гүлденіп, көркейген. Өңір жұрты арнайы барып көріп, таң қалатындай дәрежеге жетті десек артық айтқандық болмас. Ауылдың гүлденуіне мемлекеттен қолдау көрсетілуде, сондай-ақ Қазақстанның Еңбек Ері А.Ералиев, аудандық мәслихат депутаты Д.Ералиев жыл сайын қомақты қаржы бөледі. Сондықтан әрбір ауылда жанашыр азаматтар болса, ауыл көркейе бермек.

Марапаттаудан соң Н.Ілиясов ауылының өнерпаздары әннен шашу шашып, тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
13 шілде 2023 ж. 366 0