Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Нағи Ілиясов ауылына қашан газ келеді?

Нағи Ілиясов ауылына қашан газ келеді?

Республикаға белгілі ауыл жыл артқан сайын жағымды жаңалықтармен сүйіншілеуде. Биыл елді мекенде ауылдың дамуына айрықша үлес қосып келе жатқан "Қазақстанның Еңбек Ері" Абзал Ералиевтің қолдауымен «Еңбек аллеясы» салынды. Жанашыр азамат жақында халықпен кездесуде ауылды газдандыруға қатысты ақжолтай хабарды да айтқан болатын. Атап айтқанда, Н.Ілиясов елді мекенін газдандырудың жобалық-сметалық құжаттарын дайындауды әріптестік аясында компания жүргізіп беретінін жеткізген еді.

Осыған орай, кеше "Қазақстанның Еңбек Ері" А.Ералиев, аудандық мәслихат депутаты Д.Ералиев, «ДосСтройПроект» ЖШС директоры К.Мырзаев және ауыл әкімі С.Нұрмағанбетов газдандыруға қатысты жобалық-сметалық жұмыстарды талқылады. Талқылау барысында елді мекендегі әрбір тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарға көгілдір отынды жеткізілуі басты назарда болу керектігі айтылды.

Айта кетейік, еліміздегі үздік ауыл саналатын Нағи Ілиясов елді мекеніңде ілкімді істер жалғасын табуда. Мәселен, берекесі тасыған ауылда жол жөнделді.  Сонымен бірге ауыл шаруашылығы саласының мамандары зор жетістікке қол жеткізді. Қамбасы астыққа толған ауылдың әр үйі көп ұзамай   көгілдір отынның пайдасын көрмек.


Нағи Ілиясов ауылдық округінің әкімдігі
17 қараша 2022 ж. 511 0