Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бірнеше жүлде қоржында

Бірнеше жүлде қоржында

Әр жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп, өнерлі өрендердің бағын сынайтын «Бозторғай» халықаралық өнер жарысы жоғары деңгейде ұйымдастырылып келеді. Алатау бөктерінде өткен кезекті байқауға Сырдария ауданының өнерпаз өрендері де қатысып, жүлделі орындарға қол жеткізді.

Алматы қаласында 1-5 маусым ара­лығында өткен балалар шығарма­шы­лығына арналған «Бозтор­ғай» ха­лық­аралық конкурсының қорытын­дылары біздің жерлестерімізді сүйінші­леді. Қо­рытынды нәтижелерге сүйенеск, аудан өнерпаздары әр түрлі жанр бо­йынша бірнеше жүлдені қанжығаға байлады. Конкурсқа Белорусь, Латвия, Өзбекстан, Болгария, Украина, Тәжікстан, Қырғызстан және Қазақстан Республикасынан 1100-ден аса жеке орын­даушылар мен аспаптық ансамбльдер және би ұжымдары, ән, би, терме, күй жанрлары бойынша үздіктер қатысты.

Қазылар алқасының құрамында Қа­зақстан Республикасының атынан Қазақстанның Халық әртістері Нағи­ма Есқалиева, Лаки Кесоглу, ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Үлкенбаева, Рамазан Стамғазиев, Әлі­шер Каримов, композитор Бейбіт Оралұлы және де өзге мемлекеттерден арнайы шақыртылған әділ қазы алқалары төрағалық жасады. Сонымен қатар бақ сынаушыларға Литва, Болгария, Ресей, Армения елдерінің атақты өнерпаздары да төрелік етті.

Қазақстандықтар арасында Сыр елі­нен қатысқан бірнеше өнерпаз облыс, аудан атын әлемдік байқауда ас­­қақ­татты. Оның ішінде Сырдария ауда­нының өнер мектебінің атынан қатысқан Дінмұхамед Алмасұлы күй жанры бойынша бас жүлдені ие­ленді. Бұған дейін де жетекшісі Абылай­хан Қилымхановпен бірлесе жұмыс жасай отырып, талай биікті ба­ғын­дырған өнерпаз халықаралық байқау­да Кет­бұғаның «Ақсақ құлан» және М.Әу­бә­кіровтің «Өрлеу» күйлерін орын­даған.

Одан кейін бір ғана Аманкелді ауылдық округінен қатысқан өнерпаз­дарының өзі бірнеше орынды ие­леніп, үкілеген үмітті ақтады. Оның ішінде Қожаберген Дайыр­хановтың же­тек­шілігімен қатыс­қан Диас Берлібек лауреат атанса, 14-17 жас аралығында ән жанры бойынша Батыржан Амангелдиев бірінші орынды жеңіп алды. Хореография жанры бойынша 11-13 жас аралығында бақ сынаған «Балдәурен» би тобы бірінші орынды қанжығаға байлады. Би тобына Гүлсім Иманбердиева жетекшілік еткен. Ал Шаған ауылынан қатысып, бас жүлдені жеңіп алған «ЕркеНаз» би тобының жетекшісі – Мөлдір Бекарыстанова. Жеке аспапта ойнау жанры бойынша Ғазиз Жұбановтың жетекшілігімен 14-17 жас аралығында Батыржан Аманкелдиев үшінші орынды және жеңіп алған.

– Ауылдың өнерлі өрендерімен Алматы шаһарына барып, халықаралық байқауға қатысып қайттық. Өнерпаздар керемет өнер көрсетті. Киелі сахнада ән шырқап, би биледі. Қазақтың дүлдүл өнер иелері балалардың дайындығына ризашылықтарын білдірді. Алдағы уа­қытта өнерпаздар көптеген байқау­ларда бақ сынайтын болады. Өнер фес­тиваліне қатысуға қолдау білдірген демеушілерге алғыс айтамыз, – дейді Аманкелді ауылдық мәдениет үйінің директоры Гүлайна Нартайқызы.

Сыр елінің атын, туған жер Сырдария ауданын әлемге танытар өнерпаз­дарымыз қанаттары талмай, биікке самғай берсін! Өнерлі бүлдіршіндердің келешегі кемел, болашағы жарқын болсын дегіміз келеді.

Назым ӘБІЛХАЙ,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университеті
журналистика факультетінің
1-курс студенті

10 маусым 2023 ж. 309 0