Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қаламгерге құрмет

Қаламгерге құрмет

Аудандағы Берекелі Бесарық ауылын айт­қанда осы өлкеден шық­қан дарынды ақын-жазушы, қалам­герлердің есімі бірден ойға оралады. Оның қатарында өлке тарихын зерттеп, тарихты жасаған тұлғалар туралы қалам тербеп жүрген Жұмабай Байзақұлы бар. Қарым­ды қаламгердің аудан, тіпті өңір, республи­каның рухани-мәдени дамуына қосып жүрген үлесі көп.

Бесарық ауылдық мәдениет үйін­де Қазақстан Журналистер Ода­ғы­­ның, Халықаралық Жазушылар Ода­­­ғының мүшесі Әубәкір Жұмабай Бай­зақ­ұлымен «Ер мен елдің сырын шерт­­кен қаламгер» атты кездесу кеші өт­ті. Та­нымдық кеш өлкетанушы­ның өмі­рі мен шығармашылығына арналды.

Іс-шараның басында Жұмабай Бай­з­ақұлының өміріне арналған бейне­баян ұсынылды. Онда қаламгердің туып-өскен жері, атқарған қызметтері мен ауданның рухани-мәдени дамуына қосып жүрген үлесі көрсетілді.

Мұнан соң аудандық мәдениет жә­не спорт бөлімінің басшысы Жігер Айекешов сөз сөйлеп, кеш иесін құт­тықтады.

– Жұмабай Байзақұлының ең­бек­­тері Сыр тарихынан сыр шер­теді. Өңір тарихын зерттеп-зерде­­леген ардақты азаматтың көпші­лікке, ке­йінгі толқынға берері мол. Жер­гі­лікті қаламгер – туған жер, өскен орта, перзенттік парыз туралы он­нан аса кітаптың авторы. Өлке­танушы осы жерде туып, сан қилы болған тағдыр иелерінің жоқтау­шысы десек те қателеспейміз. Бұл кісінің аудан мәдениетінің дамуына атқарып жүрген үлесі зор. Кеш иесіне шы­ғармашылық табыс тілейміз, – деген аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы өлке­танушыны аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады.

Кітапхана ұйытқы болған іс-ша­рада қаламгер түрлі сауалдарға жа­уап берді. Алдымен өзін бағып-қағып, жетілдірген ата-анасы туралы айтты. Баспадан шыққан көптеген кітаптардың ішінде «Ақ жол» кітабын әкеге деген сағыныш ретінде жазған. Одан соң берекелі болған Бесарық ауылындағы қызмет еткен жылдар жайлы әңгіме өрбіді. Елге қызмет ете жүріп, еліміздің егемендігін алған тұста Бесарық ауылының кеңестік «киімінен» ажырап, өзінің тарихи атауын иеленуіне зор еңбек сіңірген. Одан қалды осы өлкенің сайы мен қырқасын аралап, арнайы зерттеп, қағаз бетіне түсірді, оны туынды ретінде баспадан шығарып, кейінгі тол­қынға ұсына білді.

Осы уақытқа дейін Жұмабай Байзақұлының 12 кітабы жарық көрді. Олардың қатарында 2020 жы­лы жарыққа шыққан «Бесарықтан Берлинге дейін» кітабын ерекше атап өтуге болады. Бұл кітапта Бес­арық ауылының негізін құрайтын ауыл­дардан соғысқа аттанып, ұрыс даласында қалған 174 боздақ пен елге аман-есен оралып, ел еңсе­сін тіктеуге атсалысқан кешегі майдан­герлердің өмірі мен атқарған қызметі жинақталған. Олардың кейінге үлгі боларлық өнегелері кітап арқауы болған. Осындай еңбектерімен ол Қазақстан Журналистер Ода­ғы­ның, Халықаралық Жазушылар Ода­­ғының мүшесі атанды.

Кездесу кешіне Қармақшы ауда­нының Құрметті азаматы Серік Ыдырысов, Қазақстан Жазушылар Ода­ғынығының мүшесі, ақын Елубай Әуезов, қоғалыкөлдік ақын Бай­рон Есенбаев құрметті мейман болды. Олар кеш иесінің тарих­ты түгендеуге қатысты атқарып жүрген елеулі жұмыстарын атап көр­сетті. Қаламгердің тұлғалар жайлы туындыларына тоқталды. Ауыл десе ішкен асын жерге қоятын жер­гілікті қаламгер жылт еткен жа­ңалықтарды аудандық, облыстық ба­сылымдарға тұжырымды етіп беруге асығатынын, оның қаламынан шыққан туындылардың өзектілігі мен маңызы зор екенін тілге тиек етті. Арнау өлеңдерін де оқыды.

Өз кезегінде №147 орта мектеп директоры Ғалым Муталов құт­тықтау сөз сөйлесе, мектептің қа­зақ тілі әдебиеті пәнінің мұғалімі, ақын Шынар Әбжекенова қалам­гер­дің шығармаларын таныстырды. «Бесарық бастауы» (1992), «Берекелі Бесарық» (2004), «Берекелі-мерекелі Бесарық» (2011) кітабы ел тарихынан сыр шертетіні айтылды.

Қарымды қаламгер дарынды оқу­шылардың «Зерде» байқауының жұ­­мысына жетекшілік жасайды. Сол байқауда жетістікке жеткен­ шә­кірттері ұстаз мерейін үстем ет­ті. №147 орта мектеп ұстаздары Мөл­дір Полатова мен Зарина Секеева өлкетанушының бастамасымен ғы­лыми жоба қорғаған шәкірттері жайлы айтты. Сол арқылы оқушылар же­тістікке жетіп жүргенін жеткізді.

Кеш барысында Бесарық ауылдық мәдениет үйінің директоры Абзал Молдашев бастаған өнерпаздар, облыстық филармониясының ән­ші­сі Мағжан Аманжолов және өлк­е­танушының немерелері әннен шашу шашып, өнер көрсетті.

Осындай кештің ұйымдасты­рыл­ғанына Жұмабай Байзақұлы риза­шылығын білдірді және алдағы уа­­­­қытта да ел тарихын түгендеу ба­ғы­тында қалам тербей беретінін айтты.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
29 сәуір 2023 ж. 428 0