Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаламгер һәм өлкетанушы

Қаламгер һәм өлкетанушы

Бұл азамат туралы қалам тербеу көптен ойда жүр еді. Бесарық ауылындағы қалам ұстағандардың дарасы. Ерекше бір айта кететін бір жайт, біздің кейіпкеріміз Жұмабай Байзақұлы еліміздің егемендігін алған тұста берекелі Бесарық ауылының кеңестік «киімінен» ажырап, өзінің тарихи атауын иеленуіне еңбегі зор болды.

Табиғатынан бауырмал, жүрегі жұмсақ жан кейбіреулер тәрізді «мен өйттім, мен бүйттім» деп кеуде керуден аулақ. Қашанда елге қызмет етуге құмбыл жүретін азамат. Қоғалыкөл ауылының тумасы елді мекендегі мектепте мұғалім, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметінде болып, білім саласында елеулі еңбек етті. 1989 жылы балама негізде СССР-дің 50 жылдығы атындағы кеңшар кәсіподақ комитетінің тө­рағасы болып сайланды. Одақ тарағаннан кейін ауылдық мәдениет үйінің директоры қызметін атқарды.

1994-1999 жылдары І шақырылған Сырдария аудандық мәслихат депутаты, 2005-2010 жылдары Бесарық ауылдық округінің әкімі болды. 2011 жылы Бесарық ауылдық музейін ұйым­дастырушы, мұражайдың қоғамдық негіз­дегі жетекшісі ретінде дараланды.

Қашанда туған ел үшін емірене еңбек етіп, қолынан қаламы түспейтін Жұмабай Бай­­зақұлы СССР-дің 50 жылдығы атындағы кеңшар кәсіподақ комитетінің төрағасы және шаруашылықта құрылған «Қазақ тілі» қоғамы­ның төрағасы бола жүріп, «Бесарық бастауы» кітапшасын жарыққа шығарып, ауылдың тарихи атауы – Бесарықтың қайтарылуына елеулі үлес қосты. Осының негізінде 1992 жы­лы 18 наурызда Сырдария ауданының әкімі О.Сәпиевтің «СССР-дің 50 жылдығы атындағы кеңшарды Бесарық кеңшары» деп атау туралы қаулысы шықты. Мектеп мұғалімі, ауыл басшысы, халық қалаулысы атанып жүріп, Жұмабай Байзақұлы берекелі Бесарық туралы зерттеулерін тоқтатқан жоқ, керісінше бұл жолдағы ізденісін мақсатты түрде молайта түсті. Оған қарымды қаламгердің «Бесарық бас­тауы» (1992), «Берекелі Бесарық» (2004), «Берекелі-мерекелі Бесарық» (2011) кітапта­рын жазып жарыққа шығаруы куә.

Облысқа, республикаға белгілі қаламы жүйрік журналист Бейбітбек Бүркітбай: «Ауыл тарихы туралы талай кітап жазылды олардың ішінде Жұмабай Әбубәкірдің «Берекелі Бес­арық» кітабы ең алғашқы да сүбелісі деп баға беруі тегін емес» дейді. Қаламының желі бар, ауызы дуалы Бекең ауылдағы әріптесінің 30 жылдан астам жасап жүрген жұмысына әділ бағасын берген. Жұмабайдың 20 жылдан астам уақыт жәдігер ретінде облыс өлкетану мұражайына тіркетуі, ауылда музейдің қо­ғамдық негіздегі жетекшісі болуы, оның нағыз елжанды азамат екенін көрсетеді. Ол ауыл әкімі, аудандық мәслихат депутаты болып та Бесарықтың дамуына елеулі үлес қосты. Ауыл десе ішкен асын жерге қоятын жергілікті қаламгер ондағы жылт еткен жаңалықтарды аудандық, облыстық басылымдарға тұжы­рымды етіп беруге асығады. Оның халықтар дос­тығы тақырыбына жазған «Қиыр Шығыстан келген келін», «Қара кемпір», ҚР Парламент мәжілісінің депутаты, Бесарық ауылының тәр­биесін көрген Геннадий Шиповских туралы «Де­по машинисінен депутаттыққа дейін» атты мақалалары оқырман жүрегін селт еткі­зетін та­ма­ша дүниелер. Жергі­лікті қаламгер туған жер, өскен орта, пер­зенттік парыз туралы жазған оншақты кі­тап­тың авторы екендігін айта кетуіміз абзал. Оның кейіпкерлері ауыл адамдары екендігімен құнды.

Сонымен қатар осы өлкеде туып, сан қилы болған тағдыр иелерінің жоқтаушысы десек те қателеспейміз. Ауыл тарихын түгендеп жүр­ген азамат өткен жылы Алаш қайраткері Мұңайтпас Лапин және оның ұрпақтарының қорымына ескерткіш белгі қою жұмыстарына бастамашы болды. Биыл асқаралы 66 жасқа толып отырған ҚР Журналистер одағының және Халықаралық жазушылар одағының мүшесі, жарқын жүзді азамат Жұмабай Байзақұлына зор денсаулық, отбасына бақыт, шаңырағына шаттық тілейміз.


Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі

01 сәуір 2023 ж. 470 0