Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қыз өссе, елдің көркі

Қыз өссе, елдің көркі

Іңкәрдария ауылдық клуб үйінің ұйымдастыруымен «Бүлдіршін ару» байқауы өтті. Кішкентай өнерпаздарды шығармашылыққа баулу, үлкен сахнаға үйрету мақсатында ұйымдастырылған байқау қызықты әрі тартысты болды.

Байқауға 8-10 жас аралығындағы оқушы қыздар қатысты. Барлық қатысушылар саны – жетеу. Кішкентай аруларды сұлулыққа, әсемдікке, әдептілік пен көпшілік алдында өзін-өзі ұстай алу қабілетін шыңдауға бағытталған байқауға Іңкәрдария ауылдық клуб үйінің әдіскері Әйгерім Өміртайқызы ұйытқы болып, демеушілік жасады. Ол байқау жеңімпаздарына өз қаражаты есебінен бағалы сыйлықтар ұсынып, сайыстың көркін қыздырды.

Кішкентай өнерпаздар бақ сынаған байқау үш кезеңнен тұрды. Бірінші бөлімде қатысушылар өлең жолдарымен өздерін таныстырып, қазылар алқасы мен көрермендермен сәлемдесті. Екінші кезеңде кішкентай өнерпаздар әннен шашу шашып, мың бұрала би билеп өз өнерлерін ортаға салды. Кішкентайлардың тәтті қылығына тамсанған көпшілік ризашылықтарын білдіріп жатты. Ал үшінші кезең бойынша сән үлгілерін көрсетіп, түрлі-түсті көйлекпен көпшілікті таңдандырған арулар көрерменнің көзайымына айналды.

Бірінен бірі өткен сұлу, өнерлі қатысушылар арасынан үздіктерді анықтау әділ қазыларға да оңай болмағаны анық. Десек те, сайыс болған соң жүлдегердің біреу екені анық. Көрерменнің ыстық ықыласы мен бүлдіршіндердің талапқа сай дайындалуын ескере отырып, қазылар алқасы жүлделі орындарды белгіледі. Ол бойынша үшінші орынды Айсәуле Ғалымқызы, Айзере Егізбай және Ботакөз Қорғанбай өзара бөлісті. Екінші орынды Раяна Қуанышбаева мен Сезім Бекентай иеленді. Жүлделі бірінші орын Жаннұр Мергенбайға бұйырды. Бас жүлдені Айжұлдыз Құралбай жеңіп алып, сайыстың басты сыйлығы алтын сырғаға ие болды. Қалған қатысушыларға да бағалы сыйлықтар үлестіріліп, жүлде мен марапаттан ешкім құр қалмады.

– Көктем мерекелерімен тұспа-тұс ұйымдастырылған жақсы сайыс болды. Тәп-тәтті бүлдіршіндерді сайысқа дайындап, үлкен сахнаға шығарған жетекшілерінің, ата-аналарының еңбегі орасан. Ол кісілерге зор алғыс айтамыз. Байқау біз ойлағаннан да қызықты өтті. Халқымыз «Берсең, балаға бер» демей ме?! Ел ертеңіне айналар балғындарға қуаныш сыйлап, оларды әдемілікке, өнерге баулуды мақсат еттік. Көрермен де, қатысушылар да дән риза, көңілден шықты деп ойлаймыз, – дейді байқауды ұйымдастырып, демеушілік көрсеткен Ә.Жұмабаева.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
01 сәуір 2023 ж. 337 0