Ұлық мереке ұлықталды
Жақында «Достық» үйінде аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, «Сырдария» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік – мемлекеттігіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі» тақырыбында өзге ұлт өкілдерімен кездесу өтті.
Кездесуге Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Зайдағали Жүсіпбайұлы, «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева, халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ Сырдария аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейітов, аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы Ажар Оразымбетова, «Сырдария» қоғамдық қорының төрайымы Несібелі Керейтбаева, аудан тұрғындары қатысты.
Кездесу барысында өзге ұлт өкілдері Тәуелсіздік мерекесі жайында өз ойларын ортаға салып, егемендік жылдары қолға алынған жұмыстарды саралады. Сонымен бірге туған жер топырағында тату-тәтті өмір сүрген ата-бабалары жайында сөз қозғады. Егемендіктің қадірін тереңнен ұғынған олар дархан көңіл, қонақжайлылық танытқан қазақ халқына алғысын білдірді. Кездесу барысында Зоя Князева, Гульюзум Кокшарова, Светлана Князева, Люба Махмурзаева, Рианя Кан, Татьяна Потапова, Лиана Ан, Саёра Толаева, Ольга Потолова, Сергей Кокшаров өз өнерлерін көрсетті. Қолөнер бұйымдарын таныстырып, жиналған жұртшылықтың жоғары бағасына ие болды.
– Біз ауданда тұратын өзге ұлт өкілдерімен тығыз байланыс орнатып, жиі бас қосып келеміз. Бұл жолы алғашқылардың бірі болып, Тәуелсіздік мерекесіне байланысты тағылымды іс-шара өткізіп отырмыз. Ұлық мерекенің қазақ халқы үшін маңызы өте жоғары. Елдігімізді айшықтайтын мерекенің мәртебесін көтеру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізетін боламыз, – деді «Сырдария» қоғамдық қорының төрайымы Несібелі Керейтбаева.
Бұл ретте, кездесу кешінің қонақтары ән шырқап, патриоттық өлең оқыды. «Сырдария» қоғамдық қоры тарапынан арнайы көрме ұйымдастырған жандарға естелік сыйлық ұсынды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ