Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Атанғаным Мырзатай – ел арқасы»

«Атанғаным Мырзатай – ел арқасы»


Н.Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма теат­рында қоғам қайраткері, елінің аяулы ұлы Мырзатай Жолдасбековтің 80 жылдық мерейтойына арналған «Атанғаным Мырзатай –ел арқасы» атты кеш болып өтті.
Кешке аймақ басшысы Қ.Көшербаев қатысты. Сахна «Қазанқап» атындағы ұлттық аспаптар оркестрінің сүйемел­деуімен күй орындалып, белгілі ай­тыскер-ақын Аманжол Әлтаевтың арнау жырымен түрілді.
Кешті жүргізуші белгілі журналист Дана Нұржігіт айтулы шаралар бұған дейін Астана, Алматы, Тараз қалаларында болып өткенін, қорытынды кештің туған жер төрінде өтуі заңдылық екенін жеткізіп, Мырзатай ағаның өмір жолына, атқарған қызметтеріне тоқталды. Қайраткердің сексен жылдық ғұмыры лэдэкран арқылы көпшілік назарына ұсынылды.
Мұнан соң аймақ басшысы мерейтой иесін айтулы күнімен құттықтап, иығына зерлі шапан жапты.
Жалпы қазақ сахарасында есімі елге белгілі азаматтар бұрын да аз болмаған. Ел болашағы жолында тер төккен бірегейлер қатарында Мырзатай аға есімі де жиі аталады.
Мырзатай Жолдасбекұлы Жолдасбеков 1937 жылы 27 мамырда Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ақтөбе ауылында дүниеге келген мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, академик. 1954 - 1955 жылдары Ақкөл аудандық кеңесінің хатшысы болып қызмет атқарған. ҚазМУ-ді бітірген. 1960 - 1964 жылдары осы университеттегі қазақ әдебиеті кафедрасында ассистент, 1964 - 1967 жылдары аспирант. 1970 - 1974 жылдары аға оқытушы, доцент, 1974 - 1977 жылдары филология факультетінің деканы болды. 1977 - 1987 жылдары Талдықорған педагогика институтының ректоры, 1987 -1988 жылдары Қазақстанның оқу министрі, білім министрінің бірінші орынбасары, 1988 - 1990 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде бөлім меңгерушісінің бірінші орынбасары, бөлім меңгерушісі, 1990 жылдары Қазақстанның Мемлекет кеңесшісі, 1991 - 1993 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, 1993 - 1997 жылдары Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі, 1997 - 2000 жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі жанындағы Дип­ломатиялық академияның рек­торы қызметтерін атқар­ды. 2000-2006 жылдары Ас­танадағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры. ҚР Президенттік мәдениет орта­лығының директоры болды. Жолдасбеков қазақ әде­биетінің алғашқы қайнар бас­тауларын, Жамбыл Жабаев шығармашылығын зерттеуге мол үлес қосты. Түрік қағанаты кезіндегі Орхон-Енисей жазба ескерткіштерін қазақ ғалымдары арасында алғашқылардың бірі болып жаңаша зерделеп, қазақ тіліндегі аудармасын ғылыми айналымға енгізді. Жамбылдың ақындық мектебін зерттеп, оның тұстастары мен шәкірттерінің туындыларын жан-жақты талдады. «Халықтар достығы», «Құрмет» ордендерімен мара­пат­талған.
Қазақтың айтыс өнерінің жоғалып кетпей, жаңаша сипат алуына, жандануына бірден бір үлес қосушы. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясын­да өткізілген кездесу кеші көптің көңілінен шықты. Атал­мыш мақалада басты назар­ға қойылған «Туған жерге туың тік» бағдарламасы негі­­­зінде қайраткер аға Сыр жұрт­шылығымен жүздесіп, туған жерге деген сағынышын жеткізді. Қоғам қайраткері, мерейтой иесі жиналған жұртшылыққа шексіз алғыс сезімін білдірді.
Айтулы шарада Н.Жолдас­бековтің сөзіне жазылған әндерді дәстүрлі әншілер Гүлмира Сарина, Елмұра Жаңабергенова, Клара Төленбаева, Ардақ Балажанова, т.б. орындады.
Мерекелік кешті аудан әкімінің қол­дауыман сырдариялық ардагерлер де тамашалады.

«ТТ»-ақпарат

22 желтоқсан 2017 ж. 1 302 0