Ұлт ұстазын ұлықтады

Мазмұнды іс-шараға халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ Сырдария аудандық филиалының төрағасы Ш.Нұрсейітов, аудандық мәслихат депутаты, аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы А.Ибрагимұлы, аудандық білім бөлімінің әдіскері Ғ.Бақтиярова қатысты.
Алдымен орта мектеп оқушылары дарынды ақынның «Өгіз бен бақа» және «Қарға мен түлкі» мысалдарынан сахналық қойылым көрсетсе, мектеп жанынан құрылған «Жас толқын» театр үйірмесінің оқушылары ұлт ұстазы мен сол заманның жас қаламгері М.Әуезовтың абақтыдағы трагедиялық тағдырынан үзінді ұсынды. Олар қазақтың біртуар перзенттерінің қиын тағдырларын, ұлт үшін жан аямайтындарын шынайы сомдай білді.
Мұнан соң іс-шараның құрметті меймандары сөз сөйлеп, Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен мол мұрасына тоқталды. Мектеп директоры С.Сақтапова дара тұлғаның қазақ елінің келешегі мен іргелі ел болып қалыптасуы жолында ерен еңбегіне тоқталса, халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ Сырдария аудандық филиалының төрағасы Ш.Нұрсейітов көрнекті қоғам қайраткерінің ұлт тілін бәрінен жоғары қойғанын атап өтті. Ал аудандық мәслихат депутаты А.Ибрагимұлы қазақ тілін тұғырлы ету үшін, халықты сауаттандыру үшін «Қазақ» газетін ашып, ел-халықтың мұң-мұқтажын баспа бетінде нақты көрсетіп отырғанын тілге тиек етті.
Тағылымы мол іс-шара барысында орта мектеп дефектологы Б.Сағидолла өз шығармашылығынан ұлт ұстазына арнаған арнау өлеңін оқыса, мектеп оқушылары ақын өлеңдерін жатқа айтты.
Ұлт қамын ойлаған қоғам қайраткерінің өмірі мен шығармашылығы жас толқынға үлгі-өнеге. Сондықтан осындай мазмұны мол іс-шаралар жастарға ұлт зиялыларын танып-білуге зор септігін тигізеді.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ