Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Облыстық кезең қорытындыланды

Облыстық кезең қорытындыланды

Жыл сайынғы дәстүр бойынша өткізіліп жатқан «Мерейлі отбасы» ұлт­тық­ байқауының облыстық ке­­зеңі қорытындыланды. Шаңырақ­тың шы­ра­йын кіргізіп, отбасылық құнды­лықтарды дәріптеген өнегелі жанұялар марапат биігінен көрінді.

Осы күнге дейін байқауға 1700-ге жуық отбасы өтінім беріп, оның 178-і қатысуға жолдама алған. Бай­қаудың облыстық кезеңінің марапаттау салтанаты «Дос­тық» үйінде өтті.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жеңімпаздарды құт­­тық­тап, елімізде отбасы институты әрқашан ерекше құр­мет пен қолдауға ие болатынын жеткізді.

– Қазақ халқы үшін отбасы – қасиетті ұғым, қастерлі құндылық. Отбасының бірлігі – Отанның беріктігі, ағайынның татулығы – атамекеннің тұтастығы, ұлттық тәрбиенің, адамгершілік пен имандылықтың бастау бұлағы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әрбір отбасын сақтау – Отанымыздың берік бо­луының кепілі. Олардың әрқайсысына тұтастық пен татулықтың дәстүрін орнықтыруымыз керек» деп айт­қан болатын. 2014 жылдан бастау алған «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы – отбасы құндылықтары мен қа­зақ үшін қашанда киелі саналатын бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің маңыздылығын насихаттау­­да орны ерекше тағылымды шара. Бұл байқауға қатыс­қан отбасылардың барлығы да – нағыз мерейлі жеңімпаз­дар, – деді аймақ басшысы Н.Нәлібаев.

Газетіміздің алдыңғы сандарында жазғанымыздай, «Мерейлі отбасы – 2022» ұлттық байқауының аудандық кезеңінің қорытындысына сәйкес 5 отбасы жүлдегер атанған еді. Олардың ішінде Шаған ауылынан қатысып, бірінші орынмен марапатталған Сарыбаевтар отбасы, бас жүлде иеленген Шіркейлі ауылының өнегелі жандары Есенхожаевтар отбасы облыстық кезеңге жолдама алған болатын.

Байқауға белсенді қатысып, ұлттық құндылық пен от­басы мерейін жоғарылату бағытындағы өнегесін көр­сете білген сырдариялық Есенхожаевтар әулеті атау­лы кезеңде де марапат төрінен көрініп, «Озат отбасы» номинациясын иеленді.

Үлгілі жанұя Шіркейлі ауылында тұрады. Отағасы Серік Есенхожаев өмірде жоқ болса да, отанасы Бексұлу Синаева отбасының ұйытқысы болып отыр. «Сырдария ауданының Құр­метті азаматы», «Күміс алқа» иегері Б.Синаева бала күнінен еңбекке араласып өскен. Еңбекпен біте қай­насып өскен ол еңбек жолын 1965 жылы колхозда жұ­мысшы болудан бастайды. 1967 жылы күріш егумен айналысып, әуелі Орынбек Ахметовтің қарамағында сушы болып жұмыс істейді. Жалынды жас табанды еңбегінің арқасында 1972 жылы звено жетекшісі болады. Ұзақ жылғы сіңірген ерен еңбегі үшін 1980 жы­лы ІІ және ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен, ХШЖК-нің екі мәрте күміс медалімен марапатталып, 1980-1985 жылдар аралығында Х-шы, 1985-1990 жылдар аралығында ХІ-ші шақырылған Қаз ССР Жоғары Кеңесіне екі рет депутат болып сайланған. Ардақты ана бүгінде 6 бала тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған. Ұл-қыздарынан тараған 18 немере мен 12 шөберенің сүйікті әжесі қоғамдық жұмыстардан да қалыс қалмайды. Шіркейлі ауылы жанынан құрылған «Қауымдастық жиынның» мүшесі атанған абзал жан ауыл ішінде орын алған мәселелерге қатысты пікірін айтып, ақылын беріп отырады. Көрегенділігімен, дана­лығымен бір аймақты айрандай ұйытып отырған жан бүгінде тамырын тереңге жайған бәйтеректей десек артық айтқандық емес. Қолы берекелі, сөз дуа­­лы Бексұлу апаны ауылдастары құрмет тұтып, жыл сайын­ғы «Егінге орақ салу» дәстүрінің лентасын қиғызады.

Отбасы құндылығы – қай заманда да, қай елде де мемлекет саясатының темірқазығы, ардақ тұтар қазы­насы. Қоғамдағы әр отбасының босағасының беріктігі – мемлекет іргетасының мығым әрі кемелдігінің кепілі. Қазақ халқы қашан да отбасын қасиетті құрылым ре­тінде қабылдап, зор маңыз беріп, мәнін қорғаған. Осы бағытта дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Мерейлі отбасы» байқауының мәні мен маңызы зор.

Салтанатты жиында облыс әкімі марапат иелеріне арнайы диплом мен бағалы сыйлықтар табыс етті. Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Күлән Қалымбетова, ҚР Мәдениет қайраткері, жырау Руслан­ Ахметов пен оның шәкірттері және «Реверанс» би то­бы өнер көрсетіп, жиын көркін қыздыра түсті.



Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

02 тамыз 2022 ж. 580 0