Тіл – қазақтың қазынасы

Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және жастардың қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында жүзеге асқан байқауда балғындар екі кезең бойынша бақ сынады. Өнерлі өрендер алғашқы кезеңде өздерін таныстырды. Одан соң балдай тәтті балғындар қазақ ақындарының өлеңдерін мәнерлеп және жатқа оқыды.
– Ана тіліміздің мәртебесін көтеру мақсатында тағылымды, танымдық іс-шаралар жиі жүзеге асқаны жақсы. Жыл сайын бұл байқау тұрақты түрде өткізіліп келеді. Балалар мәртебелі тіліміздің мән-мағынасын тереңнен түсініп, кеңінен дәріптелуіне зор үлес қосты. «Тексіздік – тілсіздіктен» деген қазақта даналық бар. Тіліміздің мерейі асқақтай берсін, – дейді облыстық тілдерді оқыту орталығының маманы Әйкерім Мұхамеджан.
Аудандық байқау қорытындысында жеңімпаз бен жүлдегерлерге арнайы диплом, бағалы сыйлық табысталды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ