Ауыл шаруашылығы-ел экономикасының маңызды тірегі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту мәселесіне ерекше мән берілуі-еліміздің экономикалық болашағы үшін маңызды қадам. Президенттің «Ауыл шаруашылығының одан әрі қарқынды дамуына барлық күш-жігерімізді салуымыз қажет» деген сөзі бұл саланың мемлекет дамуындағы стратегиялық орнын айқын көрсетеді. Шын мәнінде, ауыл шаруашылығы-тек азық-түлік өндіретін сала ғана емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, ауыл тұрғындарының әл-ауқатына тікелей ықпал ететін маңызды экономикалық бағыт.
Қазақстанның табиғи ресурстары мен кең байтақ жері аграрлық саланы дамытуға мол мүмкіндік береді. Алайда осы мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін шаруашылықтарды заманауи технологиялармен жабдықтау, су ресурстарын ұтымды басқару, егін және мал шаруашылығының өнімділігін арттыру қажет. Әсіресе су үнемдеу технологияларын енгізу, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту және аграрлық ғылымның жетістіктерін өндіріске бейімдеу өзекті болып отыр. Бұл бастамалар өнім сапасын жақсартып қана қоймай, отандық өнімнің ішкі және сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ауыл еңбеккерлерін қолдау, шаруаларға қолжетімді қаржыландыру тетіктерін ұсыну және ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды жақсарту мәселелері де назардан тыс қалмауы тиіс. Өйткені ауылдың дамуы-тұтас өңірдің дамуы. Ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасалып, еңбек адамдарының әлеуметтік мәртебесі көтерілгенде ғана жас мамандардың ауылға келуіне және аграрлық саланың жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашылады.
Менің ойымша, ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған әрбір инвестиция-елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық дербестігіне салынған инвестиция. Сондықтан бұл салаға тек бүгінгі қажеттілік тұрғысынан емес, ұзақ мерзімді стратегиялық міндет ретінде қарауымыз қажет. Отандық өндірісті өркендету, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және экспорттық әлеуетті арттыру Қазақстанның халықаралық нарықтағы орнын нығайта түседі.
Ауылдың берекесі-елдің берекесі. Сондықтан аграрлық саланы қолдау мен жаңғыртуға мемлекетпен бірге қоғамның да белсенді атсалысуы маңызды. Жердің құнарын тиімді пайдаланып, еңбек адамына лайықты жағдай жасай білсек, ауыл шаруашылығы еліміздің тұрақты экономикалық өсімінің қуатты қозғаушы күшіне айналары сөзсіз.










