Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жас ақындар – жыр сайысында

Жас ақындар – жыр сайысында

№137 орта мектепте Шортанбай Елу­бай­ұлы­ның 180 жылдығына арналған «Ұрпа­ғына ұлағат болған – би баба» атты мектеп оқушылары арасында аудандық мүшәйра өткізілді. Бұл тағылымды іс-шара «Аманат» партиясының «Ұлттық мұра» жобасы аясында аудандық білім бөлімінің қолдауымен, би-баба ұрпақтарының демеу­шілігімен ұйым­дастырылды.

Жас талапкерлердің жыр сайысы басталмас бұрын Шортанбай Елубайұлының өміріне арналған шағын сахналық қойылым көрсетілді. Ізгі шараны жергілікті ақын, аудандық мәслихат депутаты, №137 мектеп директоры Бағдат Есназаров құттықтау сөзбен ашты.

– Қашанда ел ағасыз, тон жағасыз болмаған. Көш бастар көсемімен, сөз бастар шешені бар ел, ешкімнен тепкі көрмеген. Табынның бес Есенбайынан тараған Жақап аталығының құт көмбесі – от ауызды орақ тілді Елубайбаласы Шортанбай би. Ол қырғи тілді, кесек тұлғалы ақылына ісі сай ел арасындағы жер дауы, жесір дауын, барымташылықты әділ шешіп отырған. Өз дәуірінде елдің ауызбірлігін сақтап, халқының қалаулысы болған, би бабаны ұлықтау жас ұрпақ үшін парыз, – деді мектеп басшысы.

Мүшайраға ҚР Журналистер одағының мүшесі, халықаралық «Қазақ тілі қоғамының» ҚБ Сырдария аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейітов «Аманат» партия Сырдария аудандық филиалының кеңесшісі Берік Ахметов, №137 орта мектептің қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Асылзат Тұрсынбаева қазылық жасады.

Мүшайра үш кезеңнен тұрды. Біріншісі би бабаға арнау, екіншісі еркін тақырыпқа, үшіншісі кез келген тақырыпқа табан астынан жыр құрау. Осындай кезеңдерден сүрінбей өтіп, жарқын жырларымен ерекшеленген жас талапкер жетікөлдік мектеп оқушысы Нұрсұлтан Аманқос бас жүлдені иеленсе, сәкендік Нұрахмет Мансұров бірінші орынды жеңіп алды. Екі екінші орынға №35 мектеп-лицей оқушысы Асылай Бектасқызы мен №42 мектеп-лицей оқушысы Дулат Әбдікәрім лайық деп танылды. Үш үшінші орынды №37 Шаған мектеп-лицейінің оқушылары Ақерке Серікбаева, Айзере Қабыланова және №210 орта мектебінің оқушысы Досымжан Алмасбек иеленді. Жеңімпаздарға демеушілер тарапынан естелік сыйлықтар табыс етілді.





Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ
14 мамыр 2022 ж. 558 0