Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Кітапханадағы кездесу

Кітапханадағы кездесу

Аудандық балалар кітапханасында «Балалар жылының» ресми ашылуына орай іс-шара ұйымдастырылды. Бұл жолғы іс-шараның ерекшелігі сол, құрметті қонақтары мен қатысушылары көңілі ақ, ниеті пәк бүлдіршіндер, яғни «Нұрбөбек» балабақшасының тәрбиеленушілері болды.

Іс-шараға аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеңісбек Төрәлиев қатысып, жиналғандарды «Балалар жылымен» құттықтады. Бөлім басшысы жыл көлемінде ұйымдастырылатын іс-шаралардың тәрбиелік мазмұнына ерекше мән беру қажеттігін айтты. Ал кітапхана директоры Гүлстан Нұржакиева қабілетті, жан-жақты ұрпақ қалыптастыру – мемлекеттік саясаттың негізгі ұстанымдарының бірі екенін атап өтті.

Іс-шара барысында балалар ән айтып, би билеп, өлең оқып, өздерінің өнерлі екендіктерін көрсетті. Нұрғайша, Нұрдана, Гауһар есімді кітапхананың кішкентай оқыр­­­мандары «Қоянның үйшігі» атты ертегі желісінде қойылым ұсынды. Балалардың ісшараға жауапкершілікпен дайындалғаны анық аңғарылды. Оған кітапханашылар мен балабақша тәрбиешілерінің үлес қосқанын атап өтуіміз қажет.

Мұнан бөлек апта ағымында аудандық кітапханада оқуға құштар оқушылармен кездесу ұйымдастырылды.
Іс-шарада кітап оқу мәдениеті, адам мен кітап арасындағы байланыс, кітап оқудың пайдасы туралы әсерлі әңгімелер өрбіді. Әсіресе кітапхананың тұрақты оқырмандары Мектепхан Елеусінов пен Бақтияр Мырзаш өмірлік мол тәжірибесімен бөлісіп, оқушыларды кітап оқуға ынталандыратын жақсы мысалдар айтты. Еңбек ардагерлері мағыналы, мәнді кітаптарды тұрақты түрде оқу адамға рухани байлық сыйлайтынын атап өтті.

Өз кезегінде кітапханашылар «Бір ел – бір кітап», «Өлке болып оқимыз» жобалары туралы мәлімет берді. №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектебінің жоғары сынып оқушылары оқыған кітаптары туралы әсерлерімен бөлісті.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
08 ақпан 2022 ж. 631 0