Кітапханадағы керемет кеш
Халықаралық кітап және авторлық құқықты қорғау күніне орай аудандық кітапханада мазмұнды іс-шара ұйымдастырылды. Атаулы күнге арналған іс-шараға тұрақты оқырмандар, сала ардагерлері, оқушылар мен кітапханашылар қатысты.
Кітапханада ұйымдастырылған іс-шаралар бірнеше әдеби алаңға топтастырылған тақырыптық бағытты қамтыды. Алдымен кітапхана директоры Г.Нұржакиева атаулы күннің тарихы мен атқарылып жатқан істер жөнінде ақпарат берді.
– Халықаралық кітап және авторлық құқықты қорғау күні – әлем әдебиеті үшін символикалық дата. Атаулы күн ЮНЕСКО-ның бас конференциясында кітаптар мен авторларға құрмет көрсету мақсатында қабылданғаны белгілі. Қазіргі таңда аудан бойынша 17 кітапхана халыққа мәдени қызмет көрсетуде. Аудан кітапханалары заманауи компьютерлік құрал-жабдықтармен жасақталған, тұтынушылардың жас ерекшеліктеріне қарамастан барлық санаттарына қызмет көрсететін ірі ақпараттық мәдени орынға айналды, – деген Гүлстан Сансызбайқызы оқырмандарға сапалы қызмет көрсету жұмыстары жалғаса беретінін атап өтті.
Мәдени іс-шараға қатысушылар сценарлық жоспар бойынша кітап ханшайымының бастауымен «Кітаптар шаһарына» саяхат жасады. Мұнда кітаптар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, ел мен жер тарихынан, тұлғалар тағылымынан сыр шертетін кітаптар мен «100 жаңа оқулық» жобасы аясында жарыққа шыққан дүниелер таныстырылды. Сонымен бірге балалар әдебиетінің соңғы жаңалықтары жария етілді.
Мұнан соң мазмұнды іс-шара Алаш арыстарының ауыртпашылығы мол тағдыры баяндалған әдеби алаңда жалғасты. Ұлт қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының соңғы хаты лэд-экран арқылы көрсетіліп, күрделі кезеңнің қиындығын айғақтайтын мәліметтер айтылды. Кітапхананың тұрақты оқырманы М.Елеусінов ашаршылық, қуғын-сүргін кезеңінің қиындығы әлі күнге ұмытылмағанын атап өтті.
Кітапхана мен кітаптарды поэзиясыз елестету мүмкін емес. Мәдени іс-шараның «Поэзия падишалары» атты әдеби алаңында ақындарға құрмет нақты көрініс тапты. Кітапханашылар мен оқырмандар көрнекті ақындар М.Мақатаев, Ф.Оңғарсынова, М.Шахановтың лирикалық өлеңдерін оқыды. Ал «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында жазушы Д.Исабековтің «Әпке» драмалық пьесасынан көрініс көрсетілуі іс-шараның шырайын аша түсті. Көрініске кітапхана қызметкерлерімен қатар аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары атсалысты.
Көпшілік көңілінен шыққан әрі тақырыпқа сай безендірілген әдеби алаңдар балалар кітапханасын да қамтыды. Мұнда кітапхананың бүлдіршін оқырмандары «Менің сүйікті кейіпкерім» және «Ертегілер әлемінде» атты тақырыптық бағыттар бойынша өз өнерлерін көрсетті. Ерекше атап өту керек, әдеби қойылымға қатысушы балалардың барлығы кітапхана қызметкерлерінің перзенттері. Бұл жұмыстағы іс-тәжірибе, білім мен біліктілік үйдегі тәлім-тәрбиемен ұштасып жатқанын аңғартты. Ал «Қорқыныш бөлмесі» атты әдеби алаңдағы іс-шаралар көпшілікке шетел жазушыларының шытырман оқиғаларға толы шығармаларындағы кейіпкерлермен сұхбат құрғандай әсер сыйлады. Іс-шара соңы жылдам сұрақтар айдарымен қорытындыланды. Мұнда кітаптар мен авторлық құқық жөнінде сұрақтар қойылып, тез әрі дұрыс жауап берген қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Мәдени іс-шарада халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық бірлестігінің төрағасы Ш.Нұрсейітов, аудандық газеттің бас редакторы, депутат А.Ибрагимұлы, еңбек ардагері С.Сүйеубаева сөз сөйлеп, атаулы күнге орай ұйымдастырылған іс-шараның жоғары деңгейде жоспарланғанын жеткізді. Кеш қонақтары кітапханашыларға шығармашылық сәттіліктер тіледі.
Гүлсім ӘЛЖАНОВА