Елена Әбдіқалықоваға облыстың Құрмет грамотасы табысталды
Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында белгілі ақын, әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіхалықованың әндерін орындаушылардың «Жасай бер, Қазақ елі!» атты республикалық әншілер конкурсының Гала концерті өтті.
Концертті сазгер Елена Әбдіқалықова мен жас талантты әнші Димаш Төлеубай Сыр елінің әнұранына айналған "Сыр елім" әнімен ашты.
Шарада облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет құттықтау сөз сөйлеп, ұлы ақын Абайдың толық адам философиясында айқындалған қасиеттердің барлығы Еленаның бойынан табылатынын және өнер әлеміне өзіндік өрнек салған композитордың айрықша қолтаңбасын атап өтті. Сондай-ақ, Сыр перзенті, дарынды шығармашылық иесі Елена Мәжитқызына шығармашылық табыс тілеп, облыстың Құрмет грамотасын тапсырды.
Концертте Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың Елена Мәжитқызына арнаған құттықтау хаты оқылды.
Концертте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Елена Әбдіхалықова, Жұбаныш Жексенұлы, Дәурен Сейтжанов және конкурс жеңімпаздары мен Сыр өңірінің ақын қыздары Толқын Қабылша, Асылзат Арыстанбек сондай-ақ, қалалық жастар театрының артистері өнер көрсетті.
Екі күнге созылған ән бәйгесіне республиканың 6 облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан 12 әнші қатысты.
Конкурстың Бас жүлдесін Нұр-Сұлтан қаласынан келген Хайрулла Мұратбек, жүлделі І орынды атыраулық Айбар Ғаниұлы, ІІ орынды ақтөбелік Нұртас Омаров иеленді. Ал, жүлделі ІІІ орынды қызылордалық Арайлым Маханбетжанова мен алматылық "SAZ MEN" және маңғыстаулық Аида Байгеловаға бұйырды.
Айта кетейік, Елена Әбдіқалықова Түркия, Монғолия, Өзбекстан елінде қазақ өнерін асқақтатқан белгілі әнші. Шымкентте, Бішкекте, Ташкентте өткен халықаралық айтыстардың жүлдегері, «Қарашық», «Бақыт құсы», «Менің жалғыз жұлдызым» секілді оқырманға тез тараған жыр жинақтарының авторы. Филология ғылымдарының кандидаты.