Ақыл-ойдың алыбы
Биыл қазақтың дүлдүл ақыны, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына – 175 жыл. 1846 жылы Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының бауырында өмірге келген бала Жамбылдың жастайынан көмейінен өлең-жыр төгілді. Бозбала шағында талантымен танылып, көрші елдерге де аты шықты. жыр алыбы Жетісудің атақты ақыны Сүйінбай Аронұлынан бата алған.
Бүкіл өмірін өлеңге арнаған ақын Жамбыл Жабаев атақты жыраулар Асан қайғы, Қазтуан, Шалкиіз, Бұқар, Ақтамберді, Сүйінбайдың жалғасы болды. Айтыстың көрігін қыздырған ақын атақты Майкөт пен Құлмамбетті жеңіп, Жетісудың бірінші ақыны атанды.
Жазушы Мұхтар Әуезов: «Жамбыл – ақыл-ойдың алғыры, өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау бет-бейнесімен аса зор құбылыс. Оның бірі әрі эпик-ақын, әрі айтыс-ақыны, әрі азаматтық әуеннің де ақыны» деп ақынға жоғары баға беріп, оның талантына бас иді. Сонымен қатар, қазақтың ақын-жазушылары С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Б.Момышұлы, М.Ғабдуллин ақынды ардақ тұтты. Әлем әдебиетінің өкілдері М.Шолохов, Р.Роллан, Н.Тихонов, К.Симонов Жамбылды құрметтеді.
Ұлы Отан соғысы кезінде жазған «Ленинградтық өренім» атты өлеңі – ешқашан ұмытылмайтын атақты шығарма. Мұны бүкіл Кеңес Одағы кезіндегі ел-халық жақсы біледі. Бұл өлең ұлы Жеңісті жақындатуға ақынның қосқан үлесі десе де болады.
Өлең қаланы қорғаушыларға күш-қайрат берді, оларды жеңіске жетеледі. Орыс ақыны А.Прокофьев бұл өлең жайлы былай деді: «Жамбылдың «Ленинградтық өренім» деген жыры жарияланған кез Ленинград халінің аса бір ауыр шағы еді. Бұл шақта немістің қоршауында қалған Ленинградта азық өте аз болды. Үйлеріне кіретін су тоқтатылды, канализация істемеді, отын атымен болмады. Жау атқан снаряд пен бомбалардың салдарынан шынысы қирап, терезе біткен аңырайып ашық тұрды, электр жарығы да нашар жанды, тіпті қаладағы үйлердің көбінде жарық болған жоқ. Қаладағы жаудың оғы үздіксіз жауып тұрды. Осындай халде Жамбылдың «Ленинградтық өренім» деген жыры газеттерде жарияланды. Халықтың рухын көтеруде ерекше күшті қызмет атқарған бұл жырды Ленинградтың радиосы күніне әлденеше рет оқыды. Жыр үлкен әріппен басылып, көшелерде плакат болып ілінді. Сол плакатты үймелесіп оқысып, көздерінен жастары сорғалаған талай адамдарды кездестірдім. Немістердің ұшақтары төбеде ұшып, бомба тастап жүргенде тығылудың орнына Жамбылдың жыры басылған газетті алуға көшеде кезекте тұрған адамдарды талай көрдім». Бұл өлең Ленинградты қорғаушыларға рухани күш берді. Ақынның ұлы Алғадай майданнан хат жолдағанда әкесіне өз бөлімшесінің атына өлеңмен сәлем жолдауын өтінген. Өлеңмен жазылған хаттар фашизмге қарсы соғыста қуаты күшті құрал болды.
Өз заманының күрескер ақыны Ұлт-азаттық көтеріліске арнап, көтерілісшілерді қолдап жыр жазды. Жасы егде тартқан кезінде де айтыстарға қатысып, халықтың рухын көтерді. Ақынның азаматтық болмысы туралы ел аузында талай әңгімелер сақталған. Соның бірі – қырғыз ақыны Тоқтағұлға көрсеткен қамқорлығы. Тоқтағұл Сатылғанов Сібірге айдалып кеткенімен, тұтқыннан қашып шығып, Жамбыл Жабаевты паналайды. Ақынның жанында біраз жүріп, ел ішінде ән айтып, тойларға қатысады. Елден жиып-терген малды алдына салып, астына ат мінгізіп, біраз уақыттан соң шығарып салған Жамбылдың бұл адамгершілгін Тоқтағұл ақын өмір бойы ұмытпайды. Тағы бірде азаматтық танытқан Жамбыл Жабаев Абылай ханның ұрпағы Садық сұлтанды ертіп, қырғыздарға апарады. Бұрыннан Садық сұлтанды жақтырмайтын қырғыздар Жамбылдың өзі ертіп келгеннен кейін сабырға түседі. Ақын бұл жорықтың мәнісін түсіндірген соң, Садық сұлтан әкесінің қылышы мен ер-тоқымын алып қайтады. Бұл ардақты ақынның екі ел арасындағы келісім жүргізудегі қайраткерлік қасиетінің жемісі болса керек.
Жамбыл Жабаев шығармаларының мазмұны әралуан әрі тақырыпқа бай. Ақын дарыны сатира жанрында жазған өлеңдерінен де айқын көрініс тапқан. Әзіл-сықақ, ащы сын, өткір мысқылмен түйреген өлең шумақтары «Шағым», «Әке әзілі» атты өлеңдерінде жазылған. Сатираға бағытталған «Кәдірбайдың төбеті», «Есенәлі мешкейге», «Кәкімге» өлеңдері сатира жанрында сәтті шыққан туындылары.
Жамбыл Жабаев өлеңдерін қиын жағдайды бастан өткеріп жатқан қоғамға арнады. Оның жыр жолдарында әлеуметтік теңсіздік пен саяси ахуал көрініс тапты. Мәселен, «Сәт сайланарда», «Патша әмірі тарылды», «Зілді бұйрық» атты өлеңдерінде өмірдің қиын кезеңдері айтылды.
Жалпы, ақынның өлең жазу мәнері өмірдің өзінен алынғандығымен, баяндаудың жан-жақтылығымен, қарапайымен ұғынықты тілімен ерекшеленеді. Жыр дүлділі ауыз әдебиетін қалыптастырып, поэтиканы прозамен үйлестірді.
Жамбыл Жабаев – ғасыр жасаған адам. Оның бар ғұмыры ақындыққа арналды. Өлеңмен сөйлеген дара тұлға «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет белгісі» ордендерімен наградталды.
Ақынның шығармалары әлем тілдеріне аударылып, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алды. 99 жасында дүниеден өткен ақын өмірінің соңын Алматы облысы Ұзынағаш ауылында өткізді.
Бибісара ЖАНӘЛІ