Ғасыр жасаған жыр алыбы
Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында елімізде жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы аталып өтілуде. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығымен ұлы ақынның мерейтойын жоғары дәрежеде ұйымдастырып, мазмұндық деңгейін қамтамасыз ету мақсатында арнайы мемлекеттік комиссия құрылған еді. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде жыр алыбына арналған іс-шаралар өтіп, ақынның аты асқақтауда.
Асыл сөзден маржан терген, ұрпағына мәңгілік мұра қалдырған жыр алыбы Жамбыл Жабаев – қазақ әдебиеті мен мәдениетінде ерекше орны бар тұлға. Жыр дүлділі қазақтың суырып салма өнерін биікке шығарды. Төл өнеріміз айтыста да өзінің терең де көркем, тарихи негіздерімен, астарлы мазмұнымен жұртты баурап алды.
Жамбыл облысындағы Шу өзенінің Жамбыл тауы бөктерінде дүниеге келген ақын заманында «ХХ ғасырдың Гомері» атанған. Жыр дүлділі, ғасыр ақыны, қара сөзден кесте тіккен Жамбыл Жабаев әкесінің көңілін қалдырмайын деп ауыл молдасынан білім алуға бекінгенімен, ескіше сауаттанудан гөрі жаңаша оқуға көңілі ауады. Жастайынан өлеңге құмар болған ақын қолына домбыра алып, заманында аты шыққан Сүйінбайға келіп, шәкірт етуін сұрайды. Атақты Сүйінбай жырау «Балам, өз өлеңіңді шығар, сенің өлеңің жеке адамдардың көңілін көтеріп, солардың сүйіп тыңдайтын өлеңі болсын, ақындық өнерді сән үшін емес, қарапайым халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтау үшін пайдалан» деп ақ батасын берген.
Осыдан кейін қоғамның жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, асыл сөзді жырына қосқан Жамбыл ақын байлардың келеңсіз істерін әшкереледі. Әлеуметтік теңсіздік, кедейлердің күнкөрісі, халықтың жоқшылықта өмір сүргені жанына батып, тілге тиек етті. Ұлт азаттық көтеріліс кезінде ақын «Патша әмірі тарылды», «Зілді бұйрық», «Толғау» атты өлеңдерін жазды. Ақ патшаға құл болған бұқара халықтың ызасын толғау етіп, билікке елдің наразылығын айтып жеткізді.
Кеңес өкіметі орнағанда кедейлерге теңдік, әйелдерге еркіндік берілгенінің куәсі блды. Шығармаларында байларды тәркілеу, егістік жерлерді дұрыс бөлу, кеңес сайлауын әділ өткізу кезіндегі іс-әрекеттер де өлеңмен өрілді. Қазақ жеріне әділдік орнағанды да көзімен көріп, шаттыққа кенелді. Қай кезде де халқымен бірге болған ақынның өмірлік мұратын «Кедейлерге», «Қазақстан тойына» деген жыр жолдарынан анық аңғаруға болады.
Бір заманда өмір сүрген қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлымен кездеспесе де оның атағына қанық болып, арнайы өлең де жазған. «Абайдың суретіне» деген өлеңінде ақыл мен білімнің, қайрат пен жігердің иесі ретінде ұлы ақынға құрмет көрсеткен.
Жыр алыбы Жамбыл Жабаев фашистік Германия Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуыл жасағанда кәрілігіне қарамастан, қайраттанып, жігерлене түсіп, өлеңнің құдыретін паш етеді. Қолына қаламын алып, «Ата жаумен айқастық», «Өлім мен өмір белдесті», «Ленинградтық өрендерім!», «Москваға», «Аттан, батыр, ұрпағым» атты өлеңдерін жазып, жауға қарсы аттанған жауынгерлерді рухтандырады.
Жүз жыл бойы жырлаған Жамбыл ақын қазақтың тарихын да көркем етіп жазды. Қазақ халқын әлемге танытты. Әлемдік деңгейдегі жыр алыбына айналған ақын өлеңдері қырықтан астам елдің тіліне аударылды. Халқымыздың мақтанышының шығармашылығына классиктер де жоғары баға берді. Қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Әуезов «Жамбыл – ақыл ойдың алғыры, өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау бет-бейнесімен аса зор құбылыс. Оның бірі, әрі эпик-ақын, әрі айтыс-ақыны, әрі азаматтық әуеннің де ақыны» деп бағалаған. Бұл ұлы жазушының Жамбыл ақынды мойындағаны әрі құрметтегені. Сондай-ақ Жамбыл Жабаевтың шығармашылығына қазақтың ақын-жазушылары С.Сейфуллин, Ғ.Мүсірепов, Б.Момышұлы, М.Ғабдуллин, әлем әдебиетінің өкілдері Р.Роллан, М.Шолохов, Н.Тихонов, К.Симонов ерекше ардақтаған, бас иген.
Ақын жырлары жас ұрпақты отаншылдыққа, бірлікке үндеді. Көзі тірісінде «КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты» атанды.
Алып жүрек 1945 жылы маусымның 22-де мәңгіге тоқтады. 99 жыл ғұмыр кешкен ақын артында мәңгі өшпейтін асыл мұра қалдырды. Биыл ақынның 175 жылдық мерейтойы ел көлемінде кеңінен аталып өтілуде.
Бибісара ЖАНӘЛІ