Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қуаныш Жүнісов, домбырашы: Домбыра – бала күнімнен сырлас серігім

Қуаныш Жүнісов, домбырашы: Домбыра – бала күнімнен сырлас серігім

Елбасының жарлығымен 2018 жылдан шілде айының бірінші жексенбісі «Ұлттық домбыра күні» болып жарияланды. Домбыра күнінің белгіленуі жәйдан-жай емес. Бұл рухани жаңғыру бағытындағы ең сүбелі істің бірі болмақ. Ұлттық аспап ұлықталатын атаулы күнге орай аудандағы белгілі музыка маманы, дәулескер домбырашы Қуаныш Жүнісовпен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Қуаныш Нұрабайұлы, мереке құтты болсын! Сіздің әулет домбырашылар әулеті саналады. Қазақтың қасиетті қара домбырасын қанша жасыңызда қолға ұстадыңыз?

– Рахмет. Қасиетті қара домбыра бала күнімнен сырлас серігім болып келеді. «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің» дейді халық даналығы. Сол айтқандай әкем Нұрабай малшы болса да, өнерге бір табан жақын адам еді. Сыр өңіріне белгілі жырау Мұхамедияр Жабағиевпен дос болды. Айтулы жыршы үйіміздің төрінде таңды-таңға ұрып жырлайтын. Отбасымызға атақты жырау Балқашбай Жүсіпов те келіп тұратын. Сыр өңіріне белгілі өнер саңлақтарының отбасымызда болмағаны кемде кем. Белгілі күйші, композитор Сламбек Сқақовпен ауылдаспыз. Керемет күйші Рақыш Сқақов, бүгінде өнер саласының үлкен ғалымы кезінде бала жыршы атанған Берік Жүсіпов үйімізге келіп, күмбірлете күй шертіп, күміс көмейлерінен жыр ағытқан еді. Сондай қасиетті адамдардан жұғысты болды ма өзімнен үлкен апам Ырыскүл екеуміз өскеннен кейін өнер саласына бет бұрып, Қызылорда музыка училищесінің домбыра сыныбын бітірдік. Оған дейін малшының баласы болғандықтан облыс орталығындағы Ю.Гагарин атындағы мектеп интернатта жатып оқып, төртінші сыныптан бастап домбыра үйірмесіне қатыстым.

– Бір әулеттен шыққан өнер адамдарының жолы бұдан әрі қалай қалыптасты?

– Ырыскүл де, мен де Қызылорда музыка училищесінде талантты ұстаздан дәріс алдық. Ол белгілі өнертанушы Айтберген Жаңбыршы. Ұлағатты ұстаз бүгін­де елімізге танымал өнерпаздар Ерболат Мұстафаев, Төлепберген Тоғжан, Әлімжан Әбсадықовтардың тәлімгері. Ерболат пен Төлепберген Ырыскүлмен бір сыныпта оқыды. Ырыскүл училищені бітіргеннен кейін Алматы консерватория­­сына түсіп, атақты өнертанушы Бақыт Қарабалинаның сыныбынан дәріс алды. Сонан соң көп жыл Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінде, Қазанғап атындағы Қы­зыл­орда музыка колледжінде дәріс берді. Жүздеген, мыңдаған шәкірт тәр­биеледі. Қазір зейнет демалысында. Өзім­ де отыз жылдан бері жас ұрпақты қасиетті қара домбыраның қыр-сырына бау­­лып келемін.

– Сіздерді аудан жұртшылығы өнерлі әулет, өнерлі отбасы деп таниды. Отызжылдық еңбегіңіз елдің көз алдында. Өмірде алға қойған арман-мақсатым орындалды деп есептейсіз бе?

– «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең». Бала күннен өнер жолына түсуді мақсат тұттым. Сол жолда әлі күнге тер төгіп келемін. Өнер – адамға рухани қуат сыйлайды. Қызылорда музыкалық училищесін бітіргеннен кейін аудандық әуез мектебінің домбыра сыныбына мұғалім болып орналас­тым. Оған да бүгінде отыз жыл болыпты. Көп жылдан бері Сансызбай Сәдуақасов басқаратын «Құрақтың Досжаны» оркес­трінің мүшесімін. Облыстық «Ұстаз сазгерлер» байқауының лауреатымын. 2011 жылы аудан әкімдігінің демеушілігімен «Домбыра – дастан» шығармалар жинағым жарық көрді. Оны бүгінде республика бойынша музыка мектептері мен колледждер оқу құралы ретінде пайдалануда. Мен үшін жас ұрпаққа қасиетті қара домбыраны үйретуден асқан бақыт жоқ. «Сіздің өмірдегі арман-мақсатыңыз орындалды ма» деген сауалыңызға берер жауабым да осы.

Үш-төрт жылдан бері өз сыныбымнан  «Балауса» жас домбырашылар ансам­білін құрғанмын. Оның аяқ алысы жаман емес. Шымкент шаһарында өткен «Жұлдызға жол» халықаралық байқауында және Тараз қаласында ұйымдастырылған республикалық байқаудан лауреат болып оралдық. Біз өзіңіз айтқандай өнерлі әулет, өнерлі отбасымыз. Жолдасым – Гүлзия Ешмұратова аудандық әуез мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, солфеджио және хордан сабақ береді. Қыздарым Дина мен Гүлдана жолымды қуып, қара домбыраның құлағында ойнайды. Үшінші қызым – Бағжан болашақ шет тілінің маманы. Кенже ұл – Бақберген Қызылорда музыкалық колледжінің студенті.

– Енді осы өнер қуған балаларыңыз жөнінде айтсаңыз?

– Үлкен қызым Дина Нұрабаева мектептен кейін Қызылорда музыкалық колледжіне оқуға түсіп, білікті ұстаз Ерболат Мұстафаевтан домбыра сыныбын бітірді. Сонан соң Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ Ұлттық өнер университетінде Алмас Алматовтан дәріс алды. Университеттен кейін магистратураны бітірді. Ол «Текті сөздің төресі» және «Тарихқа тағзым» атты республикалық байқаулардың бас жүлдегері. Екінші қызым Гүлдана да Қызылорда музыкалық колледжінің домбыра сыныбын бітірді. Тәлімгері талантты ұстаз Төлепберген Тоғжан. Арнаулы орта оқу орнын бітіргеннен кейін Қазақ Ұлттық өнер университетіне оқуға түсті. Бүгінде ол «Қорқыт этносаздары» ансамблі құрамында өнер көрсетеді. Гастрольдік сапармен жиырмадан астам шет елде болды.

Дина мен Гүлдана мектепте оқып жүргенде қазақтың қара домбырасының құлағында ойнайтын. Қос қызымның өнерге деген талабын көріп, риза болған сол кездегі облыс әкімі Мұхтар Құл-Мұхаммед екеуіне концерттік домбыра сыйлады. Қос қызымның бүгінде өнер биігінен көрінуіне осындай қолдаудың да өзіндік ықпалы болды деп есептеймін. Үшінші қызым Бағжан – Алматы шет тілдері университетінің төртінші курс студенті болса, кіші ұлым Бақберген – болашақ саксафоншы. Осылайша отбасымызбен елге қызмет етіп келеміз.

Сұқбаттасқан
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ

04 шілде 2020 ж. 839 0