Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Қарамановтың мүсінін ашу рәсімі өтті

Мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Қарамановтың мүсінін ашу рәсімі өтті

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жұмыс сапарымен Қызылорда облысына келді. Алдымен министр Қызылорда қаласында орналасқан облыстық тарихи-өлкетану музейінің жұмысымен танысты, – деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.

Музей 1954 жылы салынған. 2015 жылы қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, бүгінгі күні 11 көрме залы бар. Музейде 24 маман, 14 техникалық қызметкер жұмыс жасауда. Сондай-ақ, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Арал ауданына барды.

Алдымен Мәдениет және спорт министрі мен облыс әкімі №262 Ұзақбай Қараманов атындағы мектеп-гимназиясының жұмысымен танысып, мүсінін ашылу рәсіміне қатысты.

«Ұзақбай Қараманұлының есімін ұлықтап, мүсінін ашу рәсімін өткізіп отырмыз. Ұлы адамдардың өмір жолы болашақ ұрпақ үшін әрқашан өнеге. Ұзақбай Қараманов 1937 жылы дүниеге келген. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш Премьер-Министрі. Мемлекет және қоғам қайраткері – Қазақстан Құрылысшылар одағының негізін салушы. II дәрежелі «Барыс», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен және түрлі жоғары дәрежедегі медальдармен марапатталған. Қазақ елінің дамуына еңбек еткен азаматтарға құрмет көрсету біздің парызымыз», – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

№262 мектеп-гимназиясы 2009 жылы пайдалануға беріліп, 1200 орынға шақталған. Оқушыларға 106 педагог білім беруде. Білім беру ұясында 40 орындық компьютерлік кабинеті, 400 орындық акт залы және 450 орындық асхана бар.

Ұзақбай Қараманов мүсінінін орнатуға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы мемлекеттік комиссиямен келісілген. Мүсіннің авторы Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Айдос Тоқтарбекұлы. Мүсін қола материалынан дайындалды, тұғырымен қоса есептегенде биіктігі 3,2 метр.

Шарадан кейін, Ақтоты Райымқұлова мен Гүлшара Әбдіқалықова Ұзақбай Қараманов атындағы мектептің музей жұмысымен танысып, «Бастау» кәсіби қоғамдастық кабинетінде үздік оқушыларымен кездесті.
31 тамыз 2020 ж. 451 0