Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Дос-Мұқасан» тобы туралы көркем фильм түсіріледі

«Дос-Мұқасан» тобы туралы көркем фильм түсіріледі

Әу баста әртүрлі музыкалық аспапта ойнайтын қара­пайым ғана студенттерден құралған «Дос-Мұқасан» ансамблі уақыт өте келе әйгілі топқа айналатынын сөзсіз ешкім біл­ген жоқ. Ендеше, алдағы күндері «Aray Media Group» компаниясы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орта­лығының көмегімен «Дос-Мұқасан» киножобасын қолға алғалы отыр. Бұл фильмнің басты мақсаты – достық тура­лы оқиғаны баяндау.

– Бастапқыда бұл ұжым музы­калық топ ретінде құрыл­маған екен. Бір топ жігіт жай ғана жиналып, аспаптарда ойнап, музыкамен әуестенетін достар болған. Олар кәсіби музыкант боламыз деп ойламаса керек, бәрін тағдыр айдап, бір арнаға тоғыстырыпты. Сонымен бірге бұл фильмде достықтың қалай туындағаны, кейіннен, өкінішке қарай, қимас достардың жігі қалай ажырап қалғаны туралы әңгімеленеді. Үлкен шығармашылық ұжым­дарда келіспеушіліктер болып тұ­ратыны ешкімге құпия емес. Біз кейіпкерлеріміздің досты­ғына не арқау болғанын, топ ішіндегі келіспеушіліктер неден туындағанын және олардың бүгін не ойлайтынын көр­сеткіміз келеді. Жалпы алғанда, біз жас студенттердің жай ғана шы­ғар­машылық әуестігінің келе-келе аты аңызға айналған үлкен шығармашылық топқа айналуы тарихын баяндағымыз келіп отыр, – дейді болашақ көркем фильм­нің қоюшылары.

Әдетте көзі тірі мұндай тұл­­­­­ға­лар өмірі деректі фильм жанрын­да түсіріліп жататыны бел­­гілі. Сондықтан бұл шынайы өмір­баяндық фильм бола ма, әл­де режиссер аз-кем қиялдап, өмір­де болған оқиғаларды құ­был­та ма дейтінге келсек, дәл қа­зір­ге шығармашылық топтың түпкілікті ұстанымы жоқ. Бірақ кар­тинаның боямасыз бола­тын­дығына сенеді.

– Продюсерімізбен бірге осы топ жайлы бұрын жазыл­ған кі­таптарды негізге алдық. Олар­дың бірінің авторы – ансам­бль­дің алғашқы көркемдік же­­тек­шісі Досым Сүлеевтің жан жары. Айта кетер жайт, «Дос-Мұқасан» тобының ал­ғаш­­қы шлягерлерінің авторы До­сым­ның өзі біздің ке­ңес­­шіміз болып, өте қатты әсірелеп, бол­ма­ғанды болған деп қой­ма­уы­мызды қада­ғалап отырды. Біздің екінші кеңесшіміз, маңыз­дылығы одан кем түспейтін адам – Мұрат Құ­сайынов – топтың қазіргі көр­кемдік жетекшісі, онымен де кез­­десіп, әңгімелестік. Сүлеев те, Құсайынов та бізге ұжымның тарихын айтып берді және олар­дың баяндаған әңгімелері бір-бірінен аса алшақ болмады. Сондай-ақ «Дос-Мұқасан» компози­ция­ларының авторларын да сөзге тарттық, олар әндердің шы­ғу тарихын әңгімелеп берді. Өйт­кені халық арасында бұл та­қы­рыпта ойдан шығарылған түрлі әңгімелер аз емес, – дейді кар­тина режиссері.

Айдын Сахаманның айтуынша, өкінішке қарай, мұрағатта «Дос-Мұқасан» концерт­те­рі­нің бейнежазбалары өте аз. Көп­­теген бейнебаян, де­рек­ті му­зы­­калық фильм бар, бі­рақ кон­церт­тері жоқ болып шыққан.

Түсіру тобы дәл осы күндері фильмді шығарудың қай кезе­ңінде тұрғанына келсек, бұл жай ғана ойын фильмі емес, музы­калық фильм болғандықтан, сценарий әлі де пысықталуда. Мұнда музыкалық ерекшелік бар­шылық, атап айтсақ, ауысатын жерлері де көп, қай композиция қай жерде тұруы тиіс, ол драматургия тұрғысынан жақ­сы құрылды ма деген сияқты мәселелерге көңіл бөлініп отыр.

– Біз қазір көп нәрсеге талдау жасап, дұрыс шешім табуға тырысып жатырмыз. Өндіріс жа­ғына келер болсақ, карантин шектеуінен кейін бірінші рет бас қосқанда біз продюсермен бірге Өскемен, Қарағанды, Теміртау қалаларына түсірілім жасау орындарын іздеуге бар­дық. Біздің фильмнің оқиғасы 60-70-жылдары орын алған, ал Алматыда жаңа ғимараттар өте көп болғандықтан, біз сол жыл­дар­дағыдай көріністерді өзге өңір­лерден іздеп жүрміз, – дейді режиссер.

Ал енді аңыз болған әуесқой музыканттардың рөлдерін кімдер сомдайды? Қазіргі шығар­ма­шылық топ мұны егжей-тег­жейлі айта алмаса да, бірақ ашық кас­тинг жасауды жоспарлап отыр.

– Біз кейіпкерлермен, олар­дың жас ерекшеліктерімен пор­треттік ұқсастық табуға тиіс­піз, бірнеше уақыт кезеңін қамтып көрсетуіміз керек. Ең бастысы, біздің актерлеріміз музыкант болуы қажет, олар аспаптарда ойнай білуі керек. Топтың әр мү­­шесінің бойындағы дарынын то­лық көрсетуге талпынып отырмыз, ол үшін, әрине, фильмде ойнайтын актерлер аспапта ойнай білуі керек. Егер актер портреттік тұрғыдан сәйкес келетін болса, біз оған белгілі бір аспапта ойнауды арнайы үйрететін боламыз, – деді киножоба режиссері Айдын Сахаман.

05 қазан 2020 ж. 535 0