Жанарсыз да жарық әлем
Аудандық орталық кітапханада Қызылорда облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханасы Сырдария аудандық орталықтандырылған кітапханасы ұжымымен бірлесіп, «Жанарсыз да жарық әлем» атты әдеби-сазды кеш өткізді.
Мәдени шараның мақсаты – Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың шығармашылығын насихаттау. Өнерлерін шыңдау, дамыту, оқу-жазуға деген қызығушылығын арттыру, оқырмандарды кітап оқуға баулу, қоғамның ажырамас бір бөлігі екендігін сезіндіру.
Кешті аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев көкірегі ояу, пейілі кең абзал жандарға өзінің жүрек жарды лебізін білдіріп ашты. Сонан соң зағиптарға арналған кітапхана директоры Ерқазы Жарылқасынұлы және Сырдария аудандык Қазақ Соқырлар қоғамы корпоратив қор ұйымының президенті А.Искендиров сөз алып, бүгінгі күні мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қоғам барлық жақсы жағдайды жасап отырғанын, соның бір көрінісі ретінде рухани азық алатын орын кітапханалар да өз есігін айқара ашып, тифлотехникалық құралдармен қызмет көрсетуге дайын екенін атап өтті.
Мәдени шарада мүмкіндігі шектеулі жандар Ақмарал Нүрлиева мен Әкімжан Өміртай өнерлерін көрсетіп, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді.
Шараны Сырдария аудандық орталық кітапхана директоры Г.Нұржакиева қорытындылап, "Кітапхананы оқырман мен кітаптың арасындағы алтын көпір десе, сол алтын көпір ешқашан маңыздылығын жоймасын, әрқашан оқырман үшін рухани тәлім беріп, қызмет етеміз" деп тілегін білдірді.
"ТТ" ақпарат