Аптап ыстықтан сақтаныңыз!

Синоптиктер маусым айының басы жүрек, қан қысымымен ауыратын тұрғындар үшін жайсыздық туғызуы мүмкін екенін айтады. Яғни, алғашқы онкүндікте ауа температурасы 40 градустан асып түспек. «Қазгидрометтің» хабарлауынша, еліміздің бірқатар өңірлерінде қатты ыстық сақталады. Атап айтар болсақ, әдетте салқын ауа райымен ерекшеленетін солтүстік-батыс, солтүстік өңірлердің өзінде температура 36-41 градусқа дейін барады. Шығыс өңірінде 39 градус ыстық сақталады. Ал орталықта 41 градусқа дейін қызу байқалса, оңтүстік өлкесінде 37-44 градус ыстық жаз мезгілінің «сәнін» келтірмек.
Расында да қыс мезгілі ерекше қытымыр аязымен есте қалса, жаздың күні күн шуағынан нәр алудың да өзіндік орны бар. Десек те, ауа райының қатты ыстық болуы әсерінен көпшілік тұрғындар зардап шегуде. Әсіресе, созылмалы ауруы бар науқастарға үй жағдайында күтіну ұсынылады. Ал көшеге шығу қажеттілігі туындаса, жеңіл киініп, күннен қорғағыш құралдарды пайдаланған абзал. Міндетті түрде тиісті мөлшерде су алып жүру ләзім. Жалпы осындай ауа райында кез келген адам суды көбірек тұтынуы керек. Себебі адам бойындағы ылғал тер арқылы сыртқа шықса, оның орнын уақытылы толықтырып отыру қажет. Әйтпесе ағзаның құрғауы денсаулыққа зиян.
Сонымен қатар, аптап ыстықта өрт оқиғалары жиі тіркелетінін де ескерте кеткіміз келеді. Әйнек сынықтарының күнмен шағылысуынан-ақ от тұтанып кетуі мүмкін. Соңы үлкен өртке әкелген жағдайлар да бар. Отпен қоса су да тілсіз жау екенін еске саламыз. Күннің ыстығын себеп етіп, салқындап алмақ мақсатта кез келген жерге суға түсуге қатаң тыйым салынады.
Аптап ыстық апта соңына дейін созылуы мүмкін. Тұрғындарды өзінің және айналасындағылардың денсаулығына бей-жай қарамауға шақырамыз. Өтпелі кезеңде барынша сақтық шараларын сақтап, қауіпсіздікке баса мән берейік.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ