Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№3 газет

14 қаңтар 2025 ж.

№ 2 газет

11 қаңтар 2025 ж.

№1 газет

07 қаңтар 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Намыс

Қызылорданың қан базары. Аларман көп. Сатарман одан да көп. Әйтеуір құжынаған халық. Әлде күн сенбі болған соң ба?!
Жұмысым бітіп, ауылға қайтар жолда базардан ет алдым. Көкөніске қарай бұрылып, бағасын қарай бастадым.Картоп, пияз, капуста, қияр. Әйтеуір не керек, сатып алған екі пакетім толды. Қол сөмкем және бар. Жан-жағыма қарауға мұрша жоқ, қолдарым да қиылып барады, көлікке қарай безіп келемін. Кенет қолымдағы пакетке бір бала жабыса кетті.
– Апай, жүз теңге берсеңіз, көлігіңізге дейін апарып салайын. Ұзын сирақ ақсары бала қиылып тұр. Қой көздеріне көзім түсіп кетіп еді, шын ниетімен айтып тұрғанын сездім.
– Ауыр ғой,– дедім.
– Ештеңе етпейді. Апарып саламын. Көлігіңіз бар ма, қай жақта тұр? Әлгі бала қайта сөмкеме жармасты. Санамда әлде бір күдік жарқ ете қалды.
– Қоя ғой, өзім-ақ..., – дедім сөмкемді пакетпен қосып өзіме қарай тартып.
Баланың құлағына дейін қызарып кетті. Жаңа ғана «пайда табамын» деген үміті ақталмағанына қынжылды ма, басы салбырап, кері бұрыла берді...
– Балақай, – дедім мен де оның аянышты кейпіне шыдай алмай.
– Мында кел. Ол жерде тұрған екі пакетке қайта қол созды.
– Жоқ, апармай-ақ қой. Бірақ мынаны ал. Мен 200 теңгелікті ұсына бердім. Ол не үшін дегендей аңтарыла қарап қалыпты. Бір кезде:
– Мен қайыршы емеспін, – деді түрі бұзылып. – Мен жұмыс істеп жүрмін, тәтей. Маған тек атқарған жұмысыма төлесеңіз болды, артығының керегі жоқ.
Бала кіп-кішкентай болып намыстанып тұр. Оның намысшылдығына іштей қуандым. Құдай намыссыздан сақтасын. Мен де ыңғайсызданып қалдым.
Пакеттің бір жағын ол, бір жағын мен ұстағанмын. Әңгімелесіп келеміз. Мен ойлағандай ол пакетті ала қашқан жоқ. Ақтарыла әңгімесін айтып келеді.
– Әке-шешең бар ма, – деймін мен.
– Бар ғой. Ол құлықсыздау жауап берді.
– Мамам көп ауырады. Дәрі-дәрмекке ақша көп керек. Әкем жұмыссыз. Сосын нан пұл тауып жүрген жайым бар. Әр күні әрқалай. Үйдегі бауырларым да бірі – машина жуады, бірі – газет сатады. Баланың сөзі салмақты, үлкендерше ойланып айтады әр сөзін.
– Тәте, заттарыңыз ауыр екен, бүйрегіңіз ауырады ғой. Ол менен оза берді. Әрқайсысы 10 келі тартатын қалталар онсыз да әлсіз денені жаншып жіберердей, баланың арық сирақтарын ілмейтіп жіберіпті. Ақ тер, көк тер болып машинаға жеткен ол:
– 100 теңге, – деді ентігіп. Мен 1000 теңге ұсындым.
– Ала ғой, еңбегің осыған татиды екен. Енді бұдан былай ауыр көтерме, менің емес, сенің бүйрегің ауырады бүйте берсең, – деп арқасынан қақтым.
Қолдары дірілдеп, 1000 теңгелікті алған бала менен ұзай берді...
Мен үйге жеткенше зіл батпан ойдан арыла алмадым. Әлгі бала көз алдымнан кетпей қойды. Базар толы бала. Бәрінікі күнкөріс қамы. Арбакештің көбісі бала, қап тиейді, түсіреді. Біреудің затын көлігіне жеткізіп салады... Әйтеуір бар ауыр, лас жұмыс баланың мойнына артылғандай көрінді маған. Сонда олардың болашағы не болар екен?!
Тағы бірде көшеде ойнап жүрген екі баланың қапелімде шарт-пұрт болғанының куәсі болдым. Үлкендеу қарасы әлімжеттік жасап, кішткентай қарадомалақты бүркітше бүріп барады. Үлкендер ажыратып әлек.
– Не болды, – дегендерге кішкентай қарадомалақ жыламсырап:
– Өзі ғой бастаған, аты-жөні жоқ боқтады, – дейді. «Анама тіл тигізді» деп қасындағысын түтіп жердей тұра ұмтылды. Әлінің келетін-келмейтініне қарар емес. Анасын мына бір бейпіл ауыздан қорғай алмағынына намыстанып тұр. Әрине балалардың төбелескенін құптамаймын. Десе де кішкентай қарадомалақтың бойынан тұтанған намыс отын көріп іштей сүйсіндім.
Мен қазақтың әрбір баласының бойында осындай намыс тұтанып тұрса, Отанын, анасын, бауырын, осылай қорғаса деп тіледім...

С.СҰЛТАНҚЫЗЫ
27 шілде 2019 ж. 849 0