Соңғы жылдары 7 мыңнан астам қызылордалықтар баспаналы болды
Сыр өңірінің бас қаласы Қызылорда қазіргі күні көркейіп, гүлденуде. Жыл өткен сайын келбеті келісті бола түскен қаланың даму бағыты айқын. Сызылып аққан Сырдың бойындағы Сырдария өзенінің сол жағалауында да жұмыс қарқынды. Дарияның арғы бетінен бой көтерген жаңа үйлерге, ондағы жаңа құрылыстарға жұрт қызыға қарауда. Сол жақ жағалаудың тұрғыны атанғысы келетіндер осы қазірден қамдану үстінде. Осы орайда айта кету керек, облыс орталығында тұрғын үй құрылысы ерекше қарқын алып, халықты баспанамен қамту көрсеткіші еселеп артып келеді.
Соңғы жылдары қаламызда жаңадан бірнеше шағын аудандар бой көтеріп, 7 мыңнан астам қызылордалықтар баспаналы болды. Биыл да осы бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда, қаламызда 144,5 мың шаршы метр болатын 1 мың 728 пәтерлік 37 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы салынуда. Оның ішінде жеке инвесторлардың өз қаржысы есебінен 1058 пәтерлік 23 көпқабатты тұрғын үй, мемлекеттік бағдарламалар арқылы 670 пәтерлі 14 көпқабатты тұрғын үйлер құрайды.
Осы уақытқа дейін қала тұрғындарының өз қаражаты есебінен жалпы ауданы 183,3 мың шаршы метрді құрайтын 1425 жеке тұрғын үй құрылысы салынды.
Ағымдағы жылы атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 16 млрд. 751,4 млн. теңгеге жетті десек, облыста атқарылған құрылыс жұмыстарының 42,9 пайызы қаланың үлесінде. Дарияның сол жағалауындағы жаңа қалада республикалық, облыстық бюджеттерден 220 пәтерлік 4 көпқабатты арендалық тұрғын үй мен 240 пәтерлік 4 көпқабатты кредиттік тұрғын үй құрылыстары басталған болатын. Бұл аймақтағы құрылыс жұмыстарының ең ауқымдысы болмақ. Бұл тұрғын үйлер жыл соңына дейін табысталады деп жоспарлануда.
Өткен жылдың мамыр айында құрылыс компанияларының өз қаражаты есебінен Сырдария өзенінің сол жағалауынан 5 қабатты 18 тұрғын үйдің және 320 орындық балабақшаның, шілде айынан бастап «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы, жастар орталығы, Қазақ Орталық Атқару Комитеті мұражайы ғимараттары салына бастады.
Облыстағы «Абу-Сер» ЖШС арқылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында, құны 742 млн. теңгені құрайтын 320 орындық балабақшаның құрылысы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сондай-ақ келесі жылы осы аумақта «100 келушіге арналған емханасымен қоса 300 төсектік көпсалалы облыстық аурухана», «Неке сарайы», 600 орындық мектеп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 500 келушіге арналған емхананың құрылысын салу жоспарлануда.
Пікір 2