ЖЕМҚОРЛЫҚСЫЗ ҚОҒАМ

Облыстық ішкі саясат басқармасының әлеуметтік тапсырысы аясында «Самұрық инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен аудан орталығында «Сыбайлас жемқорлықпен күрес – ортақ парызымыз» тақырыбында семинар өтті. Шараға «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қорының директоры, заң ғылымдарының магистрі Жандос Бектайұлы хабарлама жасап, өңірдегі тұрмыстық сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту үшін қолайлы орта қалыптастыру бағытында жасалып жатқан жұмыстар туралы кеңінен тоқталды. Сондай-ақ алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды баяндады.
– Жасыратыны жоқ, сыбайлас жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналды, себебі бұндай әрекеттің мемлекеттік қызметкерлер тарапынан көрініс табуы мемлекеттің дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, қоғамда өкіметке, билікке деген сенімсіздік тудырады. Өкінішке қарай, жең ұшынан жалғасын табатын, көз қысты-бармақ басты әдет әлі де болса қалмай келеді. Бұл дерт еліміздің дамуына, экономиканың өркендеп өсуіне өрескел кедергі келтіретіні даусыз, – деді Ж.Тұсмағанбетов өз сөзінде.
Сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты. Әлеуметтік желінің, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағдайында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі күрестің қуатты құралына айналуға тиіс. Елбасының мемлекет тағдыры үшін маңызды құжатында айтылған мемлекеттік қызметтегі тұлғаларға қойылатын талап «Әрбір мемлекеттік қызметкердің ары да жаны да таза, сауатты және білікті, біреуге тәуелді болмайтындай жағдайда болса екен», – деген жұртшылықтың пікірімен үндескендей. Әрине ең алдымен бүгінгі бала, ертеңгі мемлекеттік қызметкердің отбасындағы тәлім-тәрбиесі дұрыс болуы ләзім. Тәрбие от басынан басталады, ата-анасының шаруаны пара беру арқылы шешетінін, не пара алу арқылы өздерінің материалдық жағдайын жақсартып отырғанын көріп өскен бала, бұл жағдайды орынды, яғни солай болуы керек екен деп түсінеді. Есейгенде ол баладан қандай мемлекеттік қызметкер шығады? Қалтасының қамын ойлайтын шенеунік бола ма, әлде тәуелсіз еліміздің нығаюына, қазіргі жаһандану заманында патриоттық сезімді барынша бойына терең сіңдірген, ел дамуының ұйытқысы болатын нағыз азамат шыға ма? Соңғысы болса ләзім. Сондықтан әрбір отбасы осы мәселеге аса мән бергені абзал. Қазақстан – көп ұлтты, болашағына сенімді және қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Алдымызда әлі талай үлкен міндеттер тұр, талай сын кезеңдерден өтуге тура келеді және сапалы нәтижеге қол жеткізуіміз қажет.
Майя ҚОЖАБАЙ