Елбасының әрбір Жолдауынан дамуымыздың динамикалық деңгейін көріп келеміз
Елбасының әрбір Жолдауы біздің өміріміздің кезекті бір белесі сияқты. Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайын халыққа арнайтын әрбір Жолдауынан дамуымыздың динамикалық деңгейін көріп келеміз. Бүгінде жаһан жүзінде жүріп жатқан Төртінші өнеркәсіптік революция дәуірі, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер бізді серпінді серпілістерге бастап отыр.
із бұл күнге тектен-тек жете салған жоқпыз. Алдымен Президенттің бастамасымен «Қазақстан-2050» стратегиясын қабылдадық. Бұл бізді әлемде озық дамыған 30 елдің қатарына кіруді межелеуге бастады. Бұдан әрі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру қолға алынды. Қазірге дейін оның 60 қадамы жүзеге асырылды. Ендігі кезекте ұзақ мерзімге арналған қадамдарды жоспарлы түрде орындау міндеті тұр.
Дамудың осылай өрістеу жолы өткен жылы Қазақстанның Үшінші жаңғыруына жол ашып берді. Осы тұста республикада Индустрияландыру бағдарламасы өзінің нәтижелерін бере бастады. Өткен жылы «Цифрлы Қазақстан» кешенді бағдарламасының қабылдануы да дамуға дүмпу беретін серпіндердің бірі болды. Мұның қабатында еліміздің 2025 жылға дейінгі дамуының кешенді стратегиялық жоспары жасалды. Осылардың бәрін жинақтай келгенде, бұл жолғы Жолдаудың бұған дейінгі барлық шақырулар мен бағдарламалардың кезекті жиынтығы сияқты болып көрінеді. Жаңа Жолдаудың бұл тұрғыдағы басты ерекшелігі оның Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын айқындап бергенінде болып отыр.
Өткен жылдың ішінде еліміз әлемдік дағдарыстың қолайсыз салдарын еңсеріп, сенімді өсу жолына қайта түсті. Жыл қорытындысында ішкі жалпы өнімнің 4 пайызға, өнеркәсіп өнімінің 7 пайызға өскені белгілі болды. Бұл уақытта кедейшілік 13 есе кеміп, жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызға азайды. Осы орай-да маған әлеуметтік міндеттемелердің толық орындалатыны жөніндегі мәлімдеме ұнады. Бұған сенім артуға да негіз бар. Арада өткен бір жылда зейнетақы мен жәрдемақы 3 рет көбейгені осыған айғақ. Сөз болып отырған кезеңде базалық зейнетақы 29 пайызға, ынтымақты зейнетақы 32 пайызға, бала тууға берілетін жәрдемақы 37 пайызға, сондай-ақ мүгедектер мен асыраушысынан айырылғандар жәрдемақысы 43 пайызға өскен. Сол сияқты медициналық қызметкерлердің айлығы 28 пайызға, педагогтар еңбекақысы 29 пайызға, әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің жалақысы 40 пайызға көбейді. Ал «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілер 30 пайызға, стипендиялар 25 пайызға өсім алды.
Кез келген елдің экономикалық жағдайы оның әлеуметтік мәселелерге осылайша көңіл бөлуінен көрінеді. Мұндай кеңдікке санаулы мемлекеттер ғана бара алады. Әсіресе, қазіргідей дағдарыс меңдеген заманда әлеуметтік салаға жұмсайтын шығындарды ұлғайту оңайға түспек емес. Президент біздің мұндай батыл қадамға барып отырғанымызды жария етті. Бұл республикалық бюджеттің әлеуметтік салаға бөлінген шығыны биыл 12 пайызға өсіп, 4,1 триллион теңгеден асқанынан да айқын аңғарылады. Бұған қосарымыз, жыл ішінде әлеуметтік төлемдерді, соның ішінде зейнетақыны өсіру арқылы 3 миллионнан аса қазақстандықтың табыстары ұлғайғалы отыр. Биылғы жылдың басынан бастап ынтымақты зейнетақы 8 пайызға көбейді. Мүгедектерге, асыраушысынан айырылған және мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасыларға арналған жәрдемақылар 16 пайыздық өсімді құрады. Бұдан бөлек, 1 шілдеден базалық зейнетақы еңбек өтіліне байланысты орташа алғанда 1,8 есе көбейетін болады. Жолдауда тағы бірқатар өсімдер туралы атап тұрып айтылған.
Маңызды құжаттағы тағы бір тоқталып өтетін жайт, онда ұстаздар қауымына құрмет көрсету жалғаса беретіні тайға таңба басқандай атап көрсетілген. Мұғалімдер мәртебесін арттыра беру білімнің негізі дұрыс қалануына жол ашады. Бұған жеткілікті көңіл бөлген Мемлекет басшысы білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен мұғалімдердің лауазымдық жалақысын биылғы 1 қаңтардан 30 пайызға көбейтуді тапсырғаны нақты дәлел бола алады.
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
Парламент Сенатының депутаты,
«Егемен Қазақстан» газеті.
Парламент Сенатының депутаты,
«Егемен Қазақстан» газеті.
Пікір 2