Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңашыл Жолдау

Жаңашыл Жолдау


Жолдауда білім беруді түбегейлі жақсарту, студенттерге білім емес, диплом ғана берудің жолын кесу азаматтық қоғамның іргетасы деп нақтылануы біздің ғалымдарымызды, оқытушыларымызды ойландыруы тиіс. Бұлай жасай алмайтындар жол босатып, қолынан келетін іске ауыссын. Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын бүгінгідей сәт санап өзгеріп жатқан дүниеде еліміздің болашақтағы даму жолын көрсетіп берерлік өрелі еңбек деп танимыз. Жаһандық бәсекелестік жылдам өсіп, әлемде тұрақсыздық сипат алып жатқан қазіргі кезеңде Президент Жолдауының стратегиялық өзектілігі айқын.
Еліміздің бірінші жаңғыруы 1991-1997 жылдар арасында, ел тәуелсіздігі нарық экономикасына көшу сәтімен тұспа-тұс келіп, бұрынғы эконо­микалық байланыстар үзіліп, экономиканы жаңаша дамытуға заманауи мүмкіндіктер, халықаралық түсінікті байланыстар қалыптаспай жатқан қиын кезеңге тап келіп, өз жолымызды бастауға, жаңа, тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасын қалауға барынша талаптанғанымыз және тез арада іргетасымызды бекітіп, даму жолына түскеніміз еді. Жаңа іс қашанда оңай болмаған, кешігу мен қателіктерге ұрынбай жетістікке жеттік.
Екінші жаңғыру «Қазақстан-2030» Страте­гиясының қабылдануымен және жаңа елорда – Астананың салынуымен басталды. Бұл талаптарды жүзеге асыру, «Қазақстан-2030» Стратегиясын түсіну мен қабылдаудың өзі оңай болған жоқ.
Астананы көшіруде де бастапқыда оның орындалуына сенген адамдар көп болмады. Бірақ бүгінде елімізде өзіндік өрнегі бар, халық саны 1 миллионға жуық әсем қала бой көтерді. Астана жаңа Қазақстанның елдік белгісіне және шынайы мақтанышына айналды. Ел астанасы Арқа төсіне ауысқалы бері мемлекетіміздің өмірінде жаңа белес – жасампаздық белесі басталды. Астананың көшірілуі ел экономикасы үшін де көп тиімділік берді. Ол құрылыс саласын дамытып, оны өзге салаларға локомотив ретінде пайдалануға жол ашты. Астанаға қарап бой түзеп облыс орталықтары да, қалалар мен аудан орталықтары да, ауылдар да жаңаруда.
Біз тоталитарлық режімнен шыққан, темір перде артында өзімізбен-өзіміз болып, әлемдік дамудан жарты ғасырдан астам қалып қойған ел едік. Әлем елдеріне қатарласу үшін қуып жетіп, басып озуға тиіспіз. Ешбір ел бізді қуып жетіп алсын деп қарап тұрмайды, дами түседі. Сондықтан ұзақ мерзімді кешенді бағдарламалар жасап, соны ұстанып жүйелі түрде еңбектенуіміз, алға жылжуымыз керек.
Үшінші жаңғыруымыздың алғышарты 2012 жылдың соңында «Қазақстан - 2050» Страте­гиясының жариялануымен басталды. Алға жаңа мақсат – Қазақстанның озық 30 елдің қатарында болуы қойылды. Стратегияны жүзеге асыруды «100 нақты қадам» Ұлт жоспары – базасында өткізу қолға алынды. Президентіміз Ұлт жоспарындағы 100 қадамның 60-ы аз ғана жылдар ішінде атқарылғанын өз Жолдауында қанағат сезімімен жария етті.
Төртінші өнеркәсіптік революцияның жүзеге асуына бізде қабылданып, жүзеге аса бастаған Индустрияландыру бағдарламасы мен «Цифрлы Қазақстан» кешенді бағдарламасы, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дамуының кешенді стратегиялық жоспары, басқа да инновациялық жобалар қызмет етеді.
Экономист ретінде Президент белгілеген он міндеттің үшінші және жетінші міндеттері өте өзекті деп санаймын. Үшінші міндеттегі Президентіміздің агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі жайлы ұсыныстары дер кезінде ұсынылып тұр. «Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек. ...Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуымыз қажет. Бұл мәселені шешуге барлық аграрлық кешеннің түбегейлі бет бұруы маңызды. Аграрлық ғылымды дамыту мәселесі басты назарда болуға тиіс. Ол ең алдымен жаңа технологияларды трансферттеумен және оларды отандық жағдайға бейімдеумен айналысуы қажет», деуі – қойылған міндеттерді орындау жолы. Әсіресе «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендін қалыптастыру елімізді мұнай өндірумен ғана емес, жаңа қырынан бүкіл әлемге танытуға жол ашады.
Бұлай деуімізге бірнеше дәлеліміз бар. Өткен ширек ғасыр ішінде біз бидай өндіруден тамаша табыстарға жеттік. Бірақ барлап қарасақ, біздің бидайымызды сатып алған елдер, одан дайын өнімдер шығарып, халықаралық рынокқа ұсынып, бірнеше есе тиімді жетістіктерге жетуде. Енді бидайды өңдеп, дайын өнімдер сатумен өзіміз айналысуға тиіспіз.
Екінші. Бүкіл әлем құлағын тігіп отырған гендік түрлендірілген өнімді (ГМО) өндіру мен тұтынуға қатысты мәселелерді өз пайдамызға шешуге бізде мүмкіндік мол. Кейбір елдер өздері өндірген ГМО өнімдердің зиянды жақтарын бағамдап, ол өнімдерді өз халқына бермей, тек шетелдерге ғана сатып, пайда табуда. Осы орайда бізде мол мүмкіндік бар. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті мамандарының пікірінше, елімізде суармалы ауыл шаруашылығы жерін 3 миллион гектарға жеткізуге болады. Осыған орай әлемдік талаптарға және халықаралық нормативтерге сай суармалы жерді пайдалану бойынша еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің алдында тұрған мақсаттар мен міндеттерді орындау үшін өз ұсыныстарымды жасауды жөн санадым:
1) Ауыл шаруашылығы жерін пайдалануды жақсарту, оның ішінде: - жердің тозу (шөлейттену, батпақтану, сорлану, пайдаланбай тастап кету) жағдайларына тосқауыл қою;
- ауылшаруашылық жерлерінің сапасын арттыру, өнімділігін көтеру; - ауыл шаруашылығында үлестік жер иелеріне жерді жекеменшікке беруді қолдау және оны байыпты, әділ және адал ұйымдастыру;
- суармалы жердің көлемін қазіргі 1,4 млн гектардан 1990 жылғы пай-даланылған 2,4 млн гектарға және жақын онжылдықта Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетінің болжамына сай 3-3,5 миллион гектарға жеткізу;
- ағын су жетпей қалған ауылшаруашылық жерлерін біртіндеп зерделеп, оның себептерін талдап, қажет шаралар қолдану (су көздерін тиімді пайдалану, жаңа су көздерін ашу);
- суармалы жерлердегі мелиорациялық және ирригациялық іс-шараларды жүргізуді шұғыл жақсарту.
Бұл шараларды жүзеге асырсақ азық-түлікті басқа елдерден тасымайтын боламыз. Суармалы жердің көлемін ұлғайта отырып, оны 2,5 миллион гектарға жеткізсек, соның әр гектарынан орта есеппен 3 мың долларлық өнім шығарсақ, онда жылына 7,5 миллиард доллар табыс болар еді. Ақшасына қоса бір гектар суармалы жерге 2 адамнан есептегеннің өзінде, 5 миллион ересек ауыл адамына жұмыс табылады.
Суармалы гектардың өнімділігін, құнарлылығын көтеру мен пайдалану тиімділігін арттыру үшін барлық агротехникалық тәсілдерді сақтаумен бірге ғылыми негізделген мелиоративтік іс-шараларды да толық атқару қажет, ол үшін, әсіресе бұрын пайдаланылып жарамсызданған жерлерде суландыратын және коллекторлық-кәріздік жүйені тазалау, жаңа технологияларды енгізу арқылы суды үнемдеу; жерді күрделі және ағымдағы тегістеуден өткізу; тік дренаж құдықтарының жұмыс істеуін қамтамасыз және жерді тереңдетіп қопсыту қажет.
Бұл шараларды атқару үлкен көлемде қаржыны талап етеді, сондықтан ауыл шаруашылығы айналымынан шығып, пайдаланылмай жатқан суармалы жерлерді қалпына келтіруді жеңілдетілген несиелеу мен пайдаланудағы суармалы жерлердің құнарлылығын арттыру мақсатында, олардың мелиоративтік жағдайын жақсартуды субсидиялау қажет деп санаймын. Ол үшін «Агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттiк реттеу туралы» Қазақстан Республикасының заңына «ауыл шаруашылығы айналымынан шығып, пайдаланылмай жатқан суармалы жерлерді қалпына келтіруге» шығындар қарастыратын және «суармалы жерлерді мелиоративтік жақсарту шараларын жүргізуді» міндеттейтін қосымша енгізілуі тиіс.
Сосын жоғарыда айтып өткен гендік түр­лендірілген өнімдерді осы суармалы жерде өндіріп, гендік түрлендірілген азық-түлік биология саласындағы үлкен жетістік саналатын мына заманда қатардан қалмай, біз де гендік түрлендірілген азық-түлік өндіруге тиіспіз. Бірақ осы мәселеге қатысты «Тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі туралы» және «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген гендік түрлендірілген өнімнің айналымына қойылатын талаптары мұқият анықталған. Халықаралық құжаттарда біздің заңнамадағыдай ГМО өнімдерінде қандай шектеулер болатыны айтылып, қораптағы немесе құжаттардағы таңбаларында өнімдегі ГМО деңгейі 0,9% болып бекітілген. Егер біз өз өнімдерімізді осы талапқа сай өндірсек және шын мәнінде осылай екенін дәлелдеп, халықаралық рынокқа ұсынсақ, біздің өнімдерімізді ризалықпен сатып алушылар саны артады және суармалы жерден бұрынғыдан екі есе артық пайда табамыз.
Гендік түрлендірілген өнімді өндіру шетелден әкелу және сатылу да қатаң бақылауда болуы тек мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін ғана жүзеге асырылуы тиіс.
Мемлекет егістіктерде, әсіресе суармалы жері бар өңірлерде өзімізде өндірілетін азық-түлік молшылығын өзіміз жасауымызға ықпал етіп, қолдау шараларын нақты жүргізуі керек. Ауылшаруашылық жерлері тиімді пайдаланылып, кооперация, көлік-логистикасы жолға қойылып, жылыжай, су үнемдеу технологиялары енгізіліп, баға қымбаттығын қолдан туындатып отырған алыпсатарлар мен делдалдарға тосқауыл қойылғаны жөн.
Гендік түрлендірілмеген таза өнімдер шығаратын өндіруші жекеменшік иелеріне барынша қолдау көрсетілуі керек. Бұл – ел халқын отандық таза өніммен қамтамасыз етудің жолы.
Жолдаудағы тағы бір кешенді мақсат – адами капиталдың сапасын арттыру. Жолдауда білім беруді түбегейлі жақсарту, студенттерге білім емес, диплом ғана берудің жолын кесу азаматтық қоғамның іргетасы деп нақтылануы біздің ғалымдарымызды, оқытушыларымызды ойландыруы тиіс. Бұлай жасай алмайтындар жол босатып, қолынан келетін іске ауыссын. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына орай электронды форматқа көшу білім беру саласын да, медицина мекемелерін де, мемлекеттік басқаруды да қағазбастылықтан арылтып, өз жұмыстарын әлемдік талаптарға сай ұйымдастыруға мүмкіндік берер еді.

Мырзагелді КЕМЕЛ,
экономика ғылымдарының
докторы, профессор,
«Егемен Қазақстан» газеті.
30 қаңтар 2018 ж. 719 0