ТАҢҒЫ ТІРЛІКТІҢ ТАТЫМЫ ТӘТТІ
Таңғы сағат 5-ке таяу көлікпен жолға шықтық. Бағытымыз аудан орталығының батысындағы Қалжан ахун ауылының егістігі. Күн ұясынан әлі толық шыға қоймаған. Соның өзінде көлік айнасынан көзді шағылыстырып келеді. Жүйткіген жүрдек пойызы да өз бағытына қарай жүріп барады. Қатар ілесе отырып, әп-сәтте Қалжан ахун ауылы турасына келдік. Халық шырт ұйқыда. Бірлі-екілі тұрғын ғана қора ішінен көрінді. Осыны аңдап болғанша елді мекен тұсынан өтіп, егістікке апаратын шаңдауыт жолға түсіп кеттік. Бір қызығы, тал түсте бұрқырап жататын топырақ таңертеңгісін көп көтеріле бермейді. Қайнаған тіршілік ортасына бара жатып жолай алтын күзде астыққа толатын шаруашылық қырманын да көре кеттік.
Күні бұрын қос шаруашылықты басқаратын Алдаберген Құлбаевпен сөйлескенбіз. Төраға қазіргі таңда егістікке гербицид себу жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Атызға дән себіліп болған соң егінжайдан хабар алу – мақсатымыз. «Оның жәйін білгің келсе, таңертең егістік басына бар» деген болатын. Сол келісім бойынша БАҚ шаруа қожалығының атыздарын жағалап келеміз. Бір жағы қызық. Көпшілік ұйқыда, ал егінжай ерлері таң қылау білдіргенде алқапта жүреді. Нағыз еңбек осылардікі. Күріштікті қарап келе жатып әп-сәтте шаруашылық бригадасы тұрған «Қараман» учаскесіне келіп жеттік. Көліктен түсе салысымен еңбеккерлермен жөн сұрасып, шаруашылық төрағасы Серік Абжалиевпен тілдестік.
– Ә, келдіңіздер ме?
– Келіп қалдық. Істеріңізге береке берсін!
– Рахмет! Біздегі тіршілік осы. Таңертең ерте келіп, күріштің бап-күтімін жасаймыз.
– Иә, нағыз еңбек Сіздердікі деп келе жатқан жайымыз бар...
– «Диқан болсаң, жеріңнің басында бол...» деген мақал бар. Сондай-ақ, «Диқан жерім дейді, жері үшін ерінбейді» деген нақыл да осы егінші қауымға арналған. Сол айтқандай, еңбек ете білсең, оның нәтижесі жақсы болатыны анық.
– Дұрыс екен. Сәке, биыл қанша гектарды межеледіңіздер?
– Биыл 500 гектар жерге дән септік. Халықтың ырзық-несібесі болған соң аталған көлемнен мол өнім алуға ниеттіміз. Өткен айдың 23-не осы жерге тұқымды толық сеуіп болдық.
– Егістікке қандай тұқым септіңіздер?
– Жылдағы «Лидер» тұқымы. Мұның өнімі жақсы.
– Былтыр шаруашылық егістігін біраз бөлігін су басқаны белгілі. Ол жер қалпына келтірілді ме?
– Иә, өткен жылы дария арнасынан тасып атыздық суға толды. Десе де, егінді тоқтатқан жоқпыз. Жоңышқалықты бұзып, күріш ектік. Одан мол өнім жиналды. Ал биылғы жылы су алған жерлер қалпына келтіріліп, күріш егілді. Жоңышқалыққа жаңа жоңышқаны да егіп қойдық.
– Өткен жылғы жағдайға қарамастан егіннен жақсы өнім алған егінжай ерлері кімдер?
– Әрине, шаруашылық еңбеккерлері тәжірибелі мамандар. Бұған дейін де түрлі жағдайларға тап болған. Дегенмен, олардың қажырлы еңбегінің арқасында нәтижеге қол жеткізіп келеміз. Атап айтқанда, диқан Айбек Қосуақов, Батырбек Сарыбаев, механизатор Әлібек Мықбаев, Уалихан Қарсақбаев, Оралбай Балабаев, Әскербек Ахметов және тағы басқаларының еңбегі зор.
– Қазіргі таңда қандай жұмыстар жасалуда?
– Ана-а-у ұшып жүрген дельталедті көрдіңіз бе? Сол қазір гербицид сеуіп жүр. Бұл күрішпен қатар өсетін арамшөптерге қарсы улау жұмыстары.
– Бұл қашаннан басталды?
– Жыл сайын осы мезгілде жүргізіледі. Біз алдын-ала қоға, шиін, күрмек өскен атыздарды белгілеп аламыз. Соның көлеміне сәйкес гербицид мөлшері нақтыланып, себіледі. Негізі, қоға, шиін, күрмек күріштің қорегін жеп қояды. Содан егін ауруға ұшырайды. Өнімі де аз болады. Ал дер кезінде улау жұмыстары жүргізілсе, егін бітік шығады. Бүгінде бұл жұмыстарды аяқтап қалдық.
Төрағамен тілдесіп тұрғанда бағанадан бері ұшып жүрген дельталед айналып келіп, тегіс жолға келіп қонды. Дауысы құлақты жарып жіберердей. Қос қанаты жайылған шағын ғана ұшу құралы. Мұны бір адам ғана басқарады екен. Сол тізгінде отырған Сергей Випренцев қауіпсіздік белдіктерін ағытып, белгіленген атыздықтарды бір шолып шықты. Қасында жүрген автомеханик Жеңіс Бахтияров дельталедтің май-суын қарап жүрсе, шаруашылық адамдары гербицид мөлшерін өлшеп құюда. Осы аралықта ұшқышпен де аз-кем сұхбаттастық.
– Аудандық газеттен келіп тұрмын.
– Өте жақсы. Бұрын-соңды таңертең ерте келген тілшіні көрмеппін. Сіз біріншісіз-ау?!
– Біздікі де Сіздердікіндей уақыт талғамайтын жұмыс қой.
– Әрине!
– Бұл төңіректе қашаннан бері жұмыс жасап жүрсіз?
– Он шақты жыл болды. Қызылорда облысының әр ауданындағы шаруашылықтар егістігінде ұшып жүрмін. Жыл сайын келеміз. Осы ауданда «Қызылдихан», «Бақ», «Мәді қажы» шаруашылығы егістігін улау жұмыстарын атқарудамыз.
– Жұмысты күнде ерте бастайсыздар ма?
– Иә. Таңғы салқынмен сеппесек, күн ыстықта ұшу мүмкін емес. Сосын кешкі салқында да жұмыс жасаймыз.
– Қанша биіктікте ұшасыз?
– Негізі, дельталед ауа райы жақсы болса 3000 метр биіктікке көтерілсе болады. Ал біз егістікті улау үшін 4-6 метр аралығын ұстап отырамыз. Жел болмай, күн тынық болса, жоғары ұшқан жақсы. Біраз аумақты қамтуға болады.
– Әңгімеңізге рахмет. Енді естелікке суретке түсіп алсақ...
– Жо-жоқ. менсіз түсе беріңіздер. Бұл бізше жаман ырым...
Шаруашылық адамдарын суретке түсірген соң дельталетпен ұшқыш аспанға қайта көтерілді. Дауысы біртіндеп алшақтап, бір төмен ұшып, қайта көрініп, жоғарылап, улау жұмыстарын жалғастыра берді. Миссиямызды орындаған соң шаруалар жұмысына табыс тілеп, жұрт жұмысқа барар уақытта біз орталықты бетке алдық.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ