ТӨТЕНШЕЛІКТЕР САҚАДАЙ САЙ
Балалардың оқуды аяқтап, асыр салып ойнайтын жаз мезгілі де келіп жетті. Суға шомылып, доп тебетін балақайлардың қауіпсіздігінің алдын ала пысықтау мақсатында төтеншеліктер арнайы отырыстар мен оқу-жаттығулар өткізуде. Солардың бірі аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі кезекті комиссия отырысы болып өтті. Мәжілісті аудан әкімінің орынбасары Б.Лекеров ашып, отырыстың күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы А.Оразбеков жаз мезгіліндегі суға түсу маусымында су қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында, су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары жөнінде баяндады. Соңғы үш жылда арты қайғылы жағдаймен аяқталып, 11адам суға кеткен. Оның ішінде алтауы бала. Мұнымен қоса, 2019 жылдың осы айында мектеп оқушыларының ата-аналарына арнайы жиналыстар өткізіп, алдын алу шаралары жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізгенін жеткізді сала басшысы. Аудан бойынша 61 белгіленбеген жер анықталған. Оның 25 не “Суға түсуге болмайды”, “Су – тілсіз жау” деген секілді арнайы тақтайшалар орнатылған. Сенбі, жексенбі күндері суға шомылатын жағажайларына қарау жұмыстары жүргізіліп, демалушы азаматтарға түсіндірме жадынамалар таратылған. Қорыта айтқанда төтеншеліктер жаз маусымына сақадай сай дайын отыр.
Аса қауіпті жұқпалы ауру Конго Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының алдын алу мақсатында қолайсыз елді мекендер бойынша көктемгі маусымда атқарылған жұмыстар туралы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Құралай Сайранқызы баяндап берді. Залалсыздандыру жұмыстары толық аяқталғанын және әлі де қатаң бақылауда болатынын жеткізді өз сөзінде.
Жиын қорытындысы бойынша сала басшылары мен мамандарға нақты тапсырмалар берілді.
Майя ҚОЖАБАЙ