ЖАСТАР ҮШІН ЗОР МҮМКІНДІК
Кеше сол жағалауда орналасқан «Жастар ресурстық орталығында» «Ақмешіт жастары» газетінің ұйымдастыруымен «Ақмешіт жастары» достарын шақырады» атты кездесу өтті.
Өңір жастары бас қосқан жиынды «Сыр Медиа» ЖШС бас директорының орынбасары Марат Аралбаев ашты. Бас қосуға облыстық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Абылайхан Сабанбаев, облысымыздағы өзге де аудандардың жастар ресурстық орталықтарының директорлары және студенттер мен белсенді жастар қатысты.
БАҚ-тағы жастар тақырыбының негізгі бағыты олардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, білім, жұмыспен қамту саласындағы кепілдіктер, кәсіпкерлік, талантты қолдау, оларды замандастарына үлгі ету және жастар бірлестіктерінің жұмысын насихаттауды мақсат тұтады. Сан алуан тақырыпта яки республикалық, облыстық деңгейдегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік, мәдени-әдеби бағыттағы кез келген мәселені – қай басылым болса да бір нөмірде, тіпті айлық жоспардың өзінде қамти алмауы мүмкін. Бірақ арнайы жастар бағытындағы газет-журнал апталық, айлық шығарылымында толыққанды қамтуға жеткілікті мүмкіндікке ие.
Бұған дейін 12 бет болып шыққан басылым қазір Д2 форматына көшті. Айына бір рет оқырманға ұсынылатын 40-қа жуық бет, 150-ден аса айдар барысында жазылатын мақала өз оқырманын табады. Сонымен қатар әр ауданға кураторлар бекітілді. Олар аймаққа қарасты барлық аудандағы жастар ресурстық орталықтарының мамандарымен бірге бірлесіп жұмыс істейтін болады, – деді газет редакторы Айжан Абдуллаева.
Шара соңында кездесуге қатысушылар өз пікірлерімен бөлісті. Мұнан кейін аудандардан келген ресурстық орталықтардың директорларын «Сыр Медиа» серіктестігіне қарасты газет ұжымдарымен таныстырды.
“ТТ” АҚПАРАТ