Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАЙТА ЖАҢҒЫРҒАН АСАР ӘДІСІ

ҚАЙТА ЖАҢҒЫРҒАН АСАР ӘДІСІ

Қазақта жақсы қасиет пен бауырмал болуға тәрбиелейтін дәстүрлердің түрі өте көп. Солардың бірі – асар әдісі. Оның басты мақсаты көмек көрсету. Үй-жай, қора-қопсы, салып жатқан адам немесе егін науқанында жалғыз шамасы келмей, жұмысы өңбей жатқанда көрші-көлем, ағайын-туыс, дос-жараңдар келіп еш қайтарымсыз көмек көрсетіп тез-ақ бітіріп тастауға тырысады. Бірлесіп істеген жұмыс тез әрі қарқынды болады. Келесі кезекте көмек жасаған кісіге де сондай көмек керек болуы әбден мүмкін. Сондай кезде бұрыңғы жасаған көмегің алдыңнан шығып, әлгі жұмысын бітірген кісі керісінше саған көмекқол ұшын беруге ұмтылары анық. Осы жақсы дәстүр ауданда қайта жаңғырып, асар әдісімен түрлі әлеуметтік нысандар жұмысы сапалы әрі тез-ақ атқарылуда. Оған айта берсе мысал көп. Кенттегі Б.Момышұлы көшесіндегі екі көпір осындай әдіспен бар-жоғы бір ай көлемінде пайдалануға берілді. Одан басқа Қаракөл каналына көпір салынды. Аталған аймақ тұрғындары арғы бет, бергі бет болып не жедел-жәрдем шақыра алмай, не отын суын түсіре алмай әбден әбігерге түскен еді. Қазір көпірден өткен сайын тұрғындар осындай үрдісті жаңғыртып, сол құрылысқа атсалысқандарға, ұйымдастырушыларға алғысын жаудыруда.
Жақында кент орталығында Амангелді көшесіне де асар әдісімен тротуар салынып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалды. Бұрын қарлы-жаңбырлы күндері көшенің аталған бөлігімен жүру мүмкін болмайтын. Себебі, сол жерде дәріхана, тұрғындарға қажетті нысандар болатын. Оған бару үшін тізеден су кешуге тура келетін. Қазір жағдай түзелді. Жол жөнделіп, гүлзарлар жасалды.

М.ҚОЖАБАЙ
14 мамыр 2019 ж. 569 0