КӘСІПКЕРЛІК КЕҢЕЮДЕ
Қазіргі статистикаға жүгінсек, дамыған елдердің экономикасы шағын және орта бизнеске негізделеді. Мысалы, Америкада жұмыс орындарының үштен екісін шағын және орта бизнес санатына жататын субъектілер құрайды екен.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында: «...Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар экономикалық өсімнің резерві болып табылады. Адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсібін бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау керек» деген болатын. Осыған байланысты аймақта кәсіпкерлікті қолдаудың 3 жылдығы жарияланып, ісін бастаймын дегенге мол мүмкіндік жасалуда. Мұндай қолдаудың нәтижесінда ауданда кәсіпкерлік саласы кеңейіп келеді.
Ауданда шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамуда. Қазіргі уақытта 2113 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,5 пайызға өсіп отыр.
Сырдария ауданында жаппай кәсіпкерлікті дамытудың Жол картасына сәйкес, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты іске аса бастады. Яғни, бағдарлама бойынша ауданда 150 жобаны жүзеге асыру жоспарланды. Әсіресе, ауылдық жерде кәсіпкерлікті дамытуға басымдық беріліп отыр. Соның нәтижесінде, Бесарық ауылдық округінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ы арқылы құны 9,5 млн. теңгені құрайтын 3 жоба қаржыландырылды. Ал Тереңөзек кенті 2 жоба және Қалжан ахун ауылдық округі бойынша 1 жоба екінші деңгейлі банктің оң шешімін алып, жоба иелері қолдау тапты.
Биыл «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша ауданда 80 адамды оқыту белгіленген. Бұл өз кезегінде кәсібін бастаушыларға берілген мүмкіндік. Жобаның бірінші кезеңі бойынша 45 адам оқытылды. Ал, «Бизнес-Кеңесші» жобасы бойынша қазіргі таңда 25 адам оқытылып, сертификат алды.
«Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы бойынша ұсынылған жобалардың 16-ның оң шешімін алғаны ауданның кәсіпкерлік саласына оң өріс берді.
Яғни, кәсіпкерлікті қолдау жылы аясында сырдариялықтар қолдан келетін істі бастап, кәсібін дөңгелетіп алмақ. Соның нәтижесінде, кәсіпкерлік кеңейіп, оның ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берері сөзсіз.
Е.БЕРКІНБАЕВ