Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕҢ БАСТЫСЫ НИЕТ КЕРЕК

ЕҢ БАСТЫСЫ НИЕТ КЕРЕК


«Қолы қимылдағанның аузы да қимылдайды», – деген екен бабаларымыз. Демек, адалдап нан табу үшін тынбай еңбек ету керек деген сөз.
Кешегі тоқырау тұсында жұрт нан табу, жан бағу мақ­сатында ала дорбаны арқалап, сауда-саттықпен айналысқаны белгілі. Яғни, бір жерден затты немесе тауарды көтере сатып алып, екінші бір жерге үстеме бағамен сату. Олар таңдаған жоқ, бәрін сатты. Етті де, май мен шайды, темір-терсек, киім-кешек, әйтеуір тұрмысқа қажеттінің бәрін саудагерден табатынбыз. Оларды «алыпсатарлар», «саудагерлер», тіпті, «коммерсанттар» деп атайтын. Кейіннен ерінбегендер сол сауда-саттықтың арқасында тұрмысын түзеп, ірі-ірі сауда орталықтарын, қонақ үй, мейрамханалар, ойын-сауық орталықтарын сала бастады. Сөйтіп, сауда-саттық – бизнеске, бизнесі – кәсіпкерлікке ұласып жатты.
Қазіргі статистикаға жүгінсек, дамыған ел­дердің экономикасы шағын және орта бизнес­ке негізделеді. Мысалы, Америкада жұмыс орындарының үштен екісін шағын және орта бизнес санатына жататын субъектілер құрайды екен.
Елбасы өзінің биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталатын Жолдауында: «... Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар экономикалық өсімнің резерві болып табылады. Адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсібін бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау керек. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бизнесті үйрету жөніндегі жұмыстары қолдауға тұрарлық. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында оның құралдарын нығайта отырып, халықтың осы санаттарын кеңінен тарту керек» деген болатын.
Осыған байланысты аймақ басшысы облыс­тық мәслихат депутаттары және Қоғамдық кеңес мүшелері алдында есеп бере келіп, 2018 жылды «жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялағаны белгілі. Бұл жөнінде ауданда ауқымды жобаларды іске асырудың іс-шара жоспары қабылданды. Түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін жұмысшы топ құрылды. Аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандары бар­лық елді мекендерге барып, халықпен кездесулер ұйымдастыруда.
Әрине, қазіргі таңда халық жағдайының жақ­саруы үшін, жұмыссыздықты болдырмау мақ­­сатында кәсіпкерлікті дамыту айрықша ма­ңызға ие.
Барлық деңгейдегі әкімдердің рейтингілік көрсеткішінің бастауында шағын және орта бизнестің өркен жаюы, кәсіпкерлікке неғұрлым көбірек адам тарту мәселесінің тұруы да оның қаншалықты өзекті екенін білдірсе керек. Бұл, сондай-ақ, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді және қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Ауданда өткен жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы құны 13,9 млн. теңгені құрайтын 19 жоба грант тетігі бойынша қаржыландырылса, құны 70 млн. 300 мың теңге болатын 3 жоба екінші деңгейлі банк арқылы қаржыландырылған. 231 адам «Бизнес-кеңесші» тетігі бойынша оқытылған. Сонымен бірге, 2017 жылы «Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы ауданнан құны 102,0 млн. теңге болатын 8 жоба қаржыландырылса, «Даму Аймақтар» өңірлік бағдарламасы аясында шаруа қожалығы «Айналым қаражатын толықтыру» жобасымен 30 млн. теңге қаржы алған. Сонда барлығы аудан бойынша 2016-2017 жылдары «Даму» бағдарламасымен 2,7 млрд. теңгенің 64 жобасы жүзеге асырылған. Бұл статистикалық көрсеткіштер. Ал, былайғы өмірде мал асырау, бордақылау, сүт өнімдерін нарыққа шығару, ұсақ мал, құс өсіру, егін шаруашылығымен айналысу, кесек құю, дүкен, шаштараз ашу, жиhаз жасау секілді кәсіп түрлері ауданда кең қанат жайған. Қазір жеке меншік пен мемлекеттік әріптестік аясында балабақша салу жұмысы өріс алып келеді. Бүгіннің өзінде Шағанда 2, кент орталығында 3 балабақша жұмыс істеп тұр. Олар нан тауып, отбасы жағдайын түзеп қана қоймай, өзгелерге де жұмыс беріп отыр.
Біз де өз тарапымыздан осы бастамаға қол­дау ретінде кәсіпкерлерге бағыт-бағ­дар беретін олардың атын елге таныту мақса­тында арнайы айдар ашып, мақалалар, сұқ­бат­тар ұйымдастырып, сұрақтарға жауап бере бастадық. Бұл жолда бізге «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиа­лының мамандары нағыз көмекшілерге айналды.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, кәсіп ашамын деген кісіге жол ашық. Тіпті, немен айналысуды, неден бастарыңызды білмесеңіз сіздерге сала мамандары көмек беруге, қаражатты алу жолдарын үйретуге дайын. Тек ниет болса болды!
С.СҰЛТАНҚЫЗЫ
27 ақпан 2018 ж. 1 246 0