Кімдерге президенттікке кандидатты насихаттауға тыйым салынады?
Ортсайлауком мүшелері сайлауалды науқанда белгілі бір кандидаттың немесе саяси партияның үгіт-насихатын жүргізуге құқығы жоқ азаматтар санатына кімдер жататынын хабарлады.
8 мамыр күні Орталық сайлау комиссиясының отырысында сайлауалды үгіт-насихат тәртібі талқыланды. Бұл туралы комиссия төрағасының орынбасары Константин Петров баяндама жасады.
Оның айтуынша, сайлау заңнамасында сайлау алдындағы үгіт жүргізуге тыйым салынатын субъектілердің санаттары көзделген. Оларға:
1) мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, қызметтік міндеттерін атқару кезінде олардың лауазымды адамдары;
2) Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың әскери қызметшілері, ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және судьялар;
3) сайлау комиссияларының мүшелері;
4) діни бірлестіктер;
5) шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар және халықаралық ұйымдар жатады.
Үгіт үш негізгі тәсілмен жүргізіледі: 1) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы; 2) сайлау алдындағы көпшілік іс-шараларды, сонымен бірге кандидаттардың және олардың сенім білдірген адамдарының сайлаушылармен жеке кездесулерін өткізу арқылы; 3) баспа, аудио-видео және өзге де үгіт материалдарын шығару және тарату арқылы.
Сайлаушыларға тегін немесе жеңілдікті жағдайларда тауарлар, қызмет көрсетулер, бағалы қағаздар беру, лотереялар, қайырымдылық акциялар өткізу, ақша төлеу не оларды беруді уәде ету сайлау алдында тыйым салынатын үгіт деп танылады.
Сайлау жарияланған сәттен бастап кандидаттарға, саяси партияларға, оларды қолдайтын кез келген жеке және заңды тұлғаларға ойын-сауық және спорттық іс-шараларды ұйымдастыруды қоспағанда, қайырымдылық іс-шараларын өткізуге тыйым салынады.
Үгіт материалдарын тарихи, мәдени немесе сәулет құндылығы бар ескерткіштерге, обелискілерге, ғимараттар мен құрылыстарға, дауыс беруге арналған үй-жайларға ілуге тыйым салынады. Кандидатқа немесе саяси партияға сайлау алдындағы үгіт бойынша қызмет көрсететін барлық жеке және заңды тұлғаның олардан қызмет қабылдауға жазбаша келісімі болуы тиіс. Жазбаша келісімі жоқ адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
baribar.kz