ЖАСТЫҚ. ҚАЙРАТ. ҚҰЛШЫНЫС
Биылғы айтулы «Жастар жылы» шеңберінде ел көлемінде түрлі бағытта ұйымдастырылған шараның мазмұны айшықталуда. Аталған бағытта жасылып жатқан жұмыстың басым бөлігінде жастардың үлес салмағы зор. Сондықтан қоғамда олардың өз орның қалыптастыруға деген құлшынысы құптарлық жағдай.
Аудандық «Достық» үйінде орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №1 филиал кітапханасы және «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастырумен айтулы жыл аясында «Рухы биік жастар – еліміздің мерейі» тақырыбында аудан жастарымен кездесу кеші өтті. Оған «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің менеджері Г.Божанова, С.Сейфуллин ауылдық округі әкімдігінің жастар ісі жөніндегі маманы Б.Бекішев, жас кәсіпкер Ұ.Байтілеуова, жас ақын А.Арыстанұлы, Сырдария ауданы бойынша этносаралық қатынастар жөніндегі сарапшысы А.Мейрамбеков, кітапханының тұрақты оқырмандары Ж.Мұсағұлов, Қ.Пірімбетов, Ж.Маратова, Ш.Шағырова қатысты.
Кітапханашы Л.Серікбаева кешті ашып, Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы жарияланған Жолдауы жастарды бір серпілтіп тастағанын, айрықша жігер бергенін тілге тиек етті. Cебебі, еліміздің болашағы – жастарға айрықша көңіл бөлініп, «Жастар жылын» қабылдауға ұсыныс білдіруі қоғамның ауызбірлігін еселеп арттырғанын айтты. Тұңғыш Президенттің үнемі жастарды қолдап, оны дамытып, келешегін қалыптастыру керектігін жеткізді. Өз кезегінде кеш қонақтары сөз алып, жастардың қоғамдағы атқарып жатқан біршама жұмыстарына тоқталды. Қазіргі таңда тәрбие мен білімнің ұштасуын, ұлт мәдениетін, өркениетін, құндылығын, отбасы бірлігін, қоғам ахуалының тұрақтануын өзара талқыға салды. Жергілікті жас ақын А.Арыстанұлы қазіргі поэзияның деңгейін саралап, жас буынды тәрбиелеуге күш жұмсау керектігі жайлы айтты. Өз өлеңін оқыды. Бала күнінен өмірге деген құлшысы жоғары талапты жас Ж.Мұсағұлов жоспарымен бөлісті. Жас кәсіпкер Ұ.Байтілеуова отбасы мен кәсіпті қатар алып жүру жауапкершілікті қажет ететіндігін жеткізді. Қашанда өз кәсібінді сүю арқылы межелеген жетістікке жетуге болатынын, табысты болудың құпиясы өлшеусіз еңбекте жатқанын атап көрсетті.
«Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің менеджері Г.Божанова жастарға қажетті бірқатар қасиетті тізбектеп, қоғамның белсенді мүшесі болудың ерекше қырларын атады. Рухани тұрғыдан ұрпақ санасына ғибратты, өнегелі бағытты нұсқаған кеште үлкен буын өкілдері өмірлік тәжірибесімен бөлісті.
Б.АЯБЕКҰЛЫ