5 миллион адам жұқпаға қарсы егіледі
Алматыдағы «Интерфакс-Қазақстан» баспасөз орталығында өткен жиында жұқпалы дерттердің алдын алу мәселелері жан-жақты баяндалды.
Баспасөз мәслихатына Қазақстандағы вакцинология саласының белгілі ғалымдары мен мамандары қатысты.
Қандай да болмасын әлеуметтік және медициналық іс шараларды бағалау барысында оның қоғамдық денсаулық саласына, сонымен қатар мемлекеттің демографиялық көрсеткіштеріне тигізетін әсері ескеріледі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, вакцинация жыл сайын 2,5 миллион адамды ауру-сырқау мен өлім-жітімнен арашалайды. Жер шарында 14 вакцинамен басқарылатын жұқпаға қарсы егу шараларын қажетті 95% дейін қамтыған жағдайда тағы да 2 миллион баланың өмірін алып қалуға болады екен.
Қазақстаннның Ұлттық егу кестесі аясында жыл сайын 5 миллион адам, оның ішінде 1,3 миллион бала 21 жұқпаға қарсы егумен қамтылады, оның ішінде бір бөлігі яғни А вирусты гепатитке, тұмауға, туляремия және сібір жарасына қарсы вакциналар жергілікті бюджет аясында қамтамасыз етіледі.
Республикалық бюджеттен жыл сайын шамамен 27 миллион қаражат осы мақсатқа жұмсалады.
– Егу кестесі барлық мемлекеттерде бар және балалар перзентханалардан бастап егумен қамтамасыз етіледі, оның ішінде эпидемиологиялық ахуалға байланысты В гепатитіне, туберкулез бен сал ауруына қарсы вакцина алады. Мемлекетімізде эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруына байланысты перзентханада жасалатын полиомиелитке қарсы егу жұмыстары 2008 жылдан бастап бала 12-15 айға толғанда жасалынатын болды. Ал енді эпидемиологиялық ахуалы әлі де нашар Нигерия, Пәкстан мен Ауғанстан елдерінде жағдай түзелгеннен кейін, бүкіл әлем қара шешек екпесінен бас тартқан сияқты, полиомиелит ауруына қарсы егуден бас тарту шаралары біртіндеп жүргізіледі, дейді СЭЭжМ ҒПО филиалының жұқпалы ауруларды алдын алу басқармасының бастығы Манар Смағұл.
egemen.kz