Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жылу беру маусымы: көмірқышқыл газын анықтайтын датчиктер орнатылуда

Жылу беру маусымы: көмірқышқыл газын анықтайтын датчиктер орнатылуда

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысы мен тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан профилактикалық іс-шараларға арналған брифинг өтті. Баспасөз алаңында улану мен өрттің алдын алу, датчиктер орнату және әлеуметтік осал топтағы отбасыларға көрсетіліп жатқан қолдау мәселелері кеңінен сөз болды.

Брифинг барысында сөз алған Қызылорда облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Рустем Беркімбаев жылыту маусымы қарсаңында жүргізіліп жатқан бақылау-түсіндіру жұмыстарына тоқталды.
«Жыл сайын жылыту маусымы қарсаңында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Тұрғын үйлерді аралау барысында басты назар әлеуметтік осал топтағы азаматтарға аударылып, облыс бойынша 5 864 тұрғын үйдің тізімі нақтыланды. Бұл отбасыларға өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндіріліп, жергілікті атқарушы органдар тарапынан 150 дана көмірқышқыл газын анықтайтын датчиктер орнатылуда. Сонымен қатар өңірде “Жатақхана”, “Таза түтін мұржасы” және “Қауіпсіз үй” акциялары ұйымдастырылып, тұрғындарға пештерді қауіпсіз пайдалану ережелері насихатталып жатыр», – деді Рүстем Бибосынұлы.

Бұдан бөлек, мамандар 2,5 мыңға жуық турғынды қамтыған 148 кездесу өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кең көлемді түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

Жылу беру маусымындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек жауапты органдардың ғана емес, ең алдымен әрбір азаматтың жеке жауапкершілігіне тікелей байланысты. Пештер мен электр, газ жылыту құрылғыларының жарамдылығын алдын ала тексеріп, қарапайым сақтық шараларын сақтау қайғылы жағдайлардың, өрт пен улы газбен уланудың алдын алудың ең тиімді әрі сенімді жолы.

Қауіпсіздік талаптарына бейжай қарамай, жылыту жүйелерін уақытында ретке келтіру арқылы біз өзіміздің және жақындарымыздың өмірі мен денсаулығын қорғаймыз. Төтенше жағдайлар департаменті өңір тұрғындарын қысқа дайындықты қадағалап, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

Өңірлік коммуникациялар қызметі
12 қазан 2026 ж. 78 0