Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шешен этномәдени бірлестігінің тал егу және қайырымдылық акциясы өтті

Шешен этномәдени бірлестігінің тал егу және қайырымдылық акциясы өтті

Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш алаңында Қызылорда облыстық Шешен этномәдени бірлестігінің онкүндігі аясындағы игі істердің бірі — тал егу және қайырымдылық акциясы өтті. Kyzylorda-news.kz

Іс-шараға облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов қатысып, бірлестіктің қоғамды біріктіруге бағытталған бастамаларының маңызын атап өтті. Ол мұндай акциялардың жастарға тәрбие, қоғамға үлгі екенін жеткізіп, бірлестік мүшелерінің белсенділігіне алғыс білдірді. 

Акция барысында шешен этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Лайла Пашаева бастаған топ белсенділері, «Қоғамдық келісім» мекемесі және тазалық мекемесінің қызметкерлері ескерткіш аумағын тазалап, жасыл желекті көбейту мақсатында 100-ге жуық тал көшетін отырғызды. Бұл жұмыс саяси қуғын-сүргін құрбандарына тағзым ету мен тарихи жадты сақтау идеясымен ұштасты.

Шараның қайырымдылық бөлігі аясында қала тазалығы үшін күнделікті еңбек етіп жүрген тазалық мекемесінің қызметкерлеріне ыстық тамақ таратылды. Қатысушылар мұны еңбегі бар жандарға құрмет көрсетудің бір жолы екенін атап өтті.
Акция соңында бата беріліп, ата-бабалар рухына құран бағышталды.
Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да қоғамның әлеуметтік тиімділігі жоғары жобаларды жалғастыруға ниетті екенін айтты.


17 қараша 2025 ж. 253 0