Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Білім министрі 1 маусымнан бастап кімдердің жалақасы өсетінін айтты

Білім министрі 1 маусымнан бастап кімдердің жалақасы өсетінін айтты

Министр жалақысы көтерілетін үш топты атады

Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова осы жылдың 1 маусымынан бастап кімдердің жалақысы көтерілетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрдің айтуынша, бюджет саласындағы жалақысы төмен азаматтардың айлығын көтеруге қарастырылған қаржының 75 проценті білім саласына берілмек.

Шәмшидинова 1 маусымнан бастап жалақысы көтерілетін негізгі үш топты атады.

"Біріншісі, еңбек жолын енді бастаған жас мұғалімдер, колледж мұғалімдері, әлеуметтік психологтар, балабақша жетекшілері мен тәрбиешілері, тәрбиешілердің көмекшілері. Сонымен қатар қосымша білім беру жүйесінде жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысы өседі", - деді ол.

Мәселен, еңбек өтілі 2-3 жылды құрайтын қалада істейтін әлеуметтік педагог, кітапханашы, тәрбиешілер қазір 55 869 теңге алса, 1 маусымнан кейін 70 859 теңге алатын болады. Ауылдарда 69 837 теңгеден 88 573 теңгеге дейін ұлғаяды.
Қалада істейтін тәрбиеші көмекшісінің жалақысы (еңбек өтілі 5 жылға дейін) 54 117 теңгеден 63 904 теңгеге дейін өседі. Ауылдарда қазіргі 67 713 теңгеден 79 880 теңгеге дейін.

Еңбек өтілі 2-3 жылға жетіп қалған педагог-психологтар: қалаларда қазіргі 65 019 теңгеден 81 565 теңгеге дейін; ауылдарда 81 273 теңгеден 101 957 теңгеге дейін.

Еңбек өтілі 2-3 жылды құрайтын мұғалімнің жалақысы: қалаларда 55 480 теңгеден 66 382 теңгеге дейін; ауылдарда 69 351 теңгеден 82 976 теңгеге дейін өседі.

Жалақысы көтерілетін екінші топ – қосымша көмекші персонал. Яғни, олар балабақшаның қатардағы қызметкерлері, еден сыпырушылар, күзетшілер, от жағушылар, сантехниктер мен электриктер.

Үшінші топ басқарушы персоналға жатады: мектеп директорлары, директорлардың орынбасарлары, балабақша басшылары.

sputniknews.kz

15 сәуір 2019 ж. 1 701 0