ОТАНДЫҚ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ ТАУАР ӨНДІРУШІЛЕРІНЕ ҮЛКЕН ҚОЛДАУ
Қазақстандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне лизингке берілген ауыл шаруашылығы техникалары мен арнаулы жабдықтардың жұмысқа жарамдылығын қамтамасыз ету үшін «ҚазАгроҚаржы» АҚ жеткізушілер мен сервистік орталықтардың шарттық міндеттемелерді орындау жағдайына тұрақты бақылау және мониторинг жүргізіп отырады. Бұл туралы Кепілдік пен лизингті қамтамасыз ету департаментінің директоры Ринат Кемешов хабарлады. Оның айтуынша, «ҚазАгроҚаржы» АҚ сервистік орталықтардың тарапынан атқарылатын сервистік жұмыстардың орындалу барысын бақылауды күшейте түсуде.
«Қоғам өзінің клиенттерін бүкіл лизинг мерзімі бойына техникаға қызмет көрсетуге міндеттенген техника өндірушілерімен және сервистік компаниялармен бетпе-бет жалғыз қалдырмайды. Егін жинау немесе егін егу науқандарына кедергі келтіруге біздің құқығымыз жоқ. Осыған байланысты, Қоғам сервистік орталықтардың тарапынан техникаға қызмет көрсету бойынша міндеттемелердің орындалу жағдайын тұрақты бақылауда ұстайды»,- деді ол.
Лизингке алынған техникаға сапалы түрде қызмет көрсетілуін қамтамасыз ету шеңберінде, «ҚазАгроҚаржы» АҚ дайындаушы зауыт «СемАЗ» ЖШС және қызмет көрсетуші компания «ВиражСервисКазахстан» ЖШС өкілдерімен көшпелі мәжіліс өткізді. Кездесу барысында тараптар ақауы бар ауыл шаруашылығы техникаларына техникалық қызмет көрсету мерзімдерін, №1 техникалық қызмет көрсетуді жүргізу үшін тракторларды шығындық материалдармен және маймен жабдықтау мүмкіндігін талқыға салды.
«ҚазАгроҚаржы» АҚ егіс жұмыстарына дайындықты бастады. Қазір ауыл шаруашылығы техникасы паркін дайындау жұмыстары жүргізілуде. Сервистік орталықтар өздеріне аталмыш міндеттемелерді мерзімінде орындау міндетін алды, яғни олар тракторлардың ақаулығын 240 сағаттың ішінде жоюға міндеттенеді. Егін жинау және егін егу жұмыстары кезінде техника сынып қалуы мүмкін, сервистік компания өзінің міндеттемелерін орындап болғанша фермерлер күтіп отыра алмайды. «ҚазАгроҚаржы» АҚ техниканы отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жеткізе отырып, техниканың жарамдылығы бөлігінде өзіне міндеттеме алады, сөйтіп, Қоғам отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне үлкен қолдау жасайды.
Ы.ТӘЖІҰЛЫ