Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

Марта

Мартаның саябаққа кіре берісте тұрғанына көп болған жоқ. Жан-жағына қарағыштап тұрған қыз өте толқулы еді. Себебі бұл – оның жігітпен бірінші рет кездесуге келуі. Ол Виктормен сурет галереясының көрмесінде танысты.
Сыпайы, көрікті жігіт бір көргеннен мұны баурап алды. Өзіне ғашық етті. Ұзын бойлы, қара шашты, кішіпейіл, ақкөңіл жігіттің жүзінен мейірім төгіліп тұрғандай.
Марта болса бір шалғай ауылда туып, өскен және өзіне осынша назар аударғанға үйренбеген. Бұл жігіттің бойында өзіне тартатын бір сиқыр күш бар сияқты. Марта тұратын ауылдағы жігітке мүлде ұқсамайды.
– Марта! Жаным, тоңып қалған жоқсың ба? – Вик­тор көлденең кеп тоқтаған шетелдік көліктен түсіп, Мартаға бір шоқ қызғалдақ ұсынды.
Марта аң-таң.
– Қызғалдақ? Желтоқсан айында? Кешір, мен негізі роза гүлінің иісін ұнатпаймын. Ол тіпті қарабайыр және арзан көрінеді. – Виктор барынша ақталып жатыр.
– Неге тұрмыз. Мен қаладағы ең жақсы мейрамханаға тапсырыс беріп қойғанмын.
– Ал, мен саябақта қыдыратын шығармыз деп ойлағанмын. Марта ұялғанынан қызарып кетті.
– О не дегенің? Мынадай суықта далада қыдырған несі? – жігіт күліп жіберді.
– Мұны есалаң романтиктерге қалдыр. Ол қызды қолынан ұстаған күйі көлікке қарай жүрді.
Мартаның қалада тұрғанына жарты жыл болды. Ол өзі қалаған мамандық бойынша жоғарғы оқу орнына түсті, жатақханада тұрады. Үйінде анасы мен екі кішкентай інісі қалған. Марта кешке қарай ыдыс жуушы болып жұмыс істейді. Ойы үйіндегі бауырларына көмектесу. Аз болса да өзіне оны-мұны алу үшін қаражат жинайды.
– Мейрамхананың аты қандай? – деп сұрады Марта қобалжыған күйі. Оның қорқынышы түсінікті, өзі істейтін мейрамхана болса ондағылар мұны танып қояды деп уайымдап келеді.
– Бұл мейрамхана қала сыртында. Оның аты өте маңызды емес шығар, – деді жігіт күлімсіреп.
Жап-жас студент қыз бейтаныс қалада осындай қалалық жігіт табамын деп әсте ойламаған болатын. Ол үшін мұның бәрі ойламаған жерден кездескен сәттілік еді. Көп ұзамай Марта қала орталығындағы жайлы пәтерге орналасты. Бұл жігіттің қалауы еді.
Бір күні Марта өзін жайсыз сезінді. «Көктемшілік болар» деп ойлады болашақ дәрігер. Бірақ арада бірер күн өткенде ол өз бойындағы өзгерістің неден болғанын түсінді. Сөйтті де дәрігер қабылдауына жазылды.
– Білмей тұрмын, сізді құттықтауыма болады ма, – деген дәрігер бұған сұраулы жүзбен қарады. Сіз тұрмыс құрғансыз ба?
– Жоқ. Бірақ, жақында үйленеміз. Дәрігер, айтыңызшы, мен шынымен де жүктімін бе? Мартаның қуанышында шек жоқ.
– Әрине! Витя қуанатын болды!
Марта үйге қарай асықты. Бар ойы өзінің сүйіктісіне осынау жаңалықты тезірек жеткізу. Бірақ, есіне екі күннен кейін болатын туған күні түсті. «Жоқ, мұндай жаңалықты ерекше жағдайда жеткізу керек» деп шешті. Мейлі, бұл тосынсый болсын.
Кешке жұмыстан ертерек келген Виктор:
– Қымбаттым сенің туған күніңді қайда өткізген дұрыс. Бәлкім мейрамханаға барармыз, – деді.
– Жоқ, үйде отыра берейікші, – Марта сүйіктісіне еркелей қарады.
– Жақсы, үйде болса үйде болсын. Бүгін мен сенің қа­сыңда қала алмаймын. Үйде науқас анам бар. Оның жағ­дайын жасауым керек.
Асыға күткен күн де келіп жетті. Марта соңғы пардан сұранып, үйге ертерек келді. Столдың үстін жайнатып тас­тады. Тіпті, сүйіктісіне не айтатынын да ойластырып қойды.
«Ол әлі жас, мүмкін өзінің балалы болғанын қаламайтын шығар? Мүмкін қуанатын шығар:
– Марта, туған күніңмен! Сыйлық алуға уақытым болмады. Мынаған қалаған затыңды өзің сатып аларсың, жігіт үлкен бір шоқ гүл мен конверт ұстатты қолына.
– Рахмет. Менің де саған тосын сыйым бар.
– Қандай, – деп Виктор бұған таңырқай қарады.
– Біз жақында үшеу боламыз. Менің аяғым ауыр. Мүмкін үйленерміз.
Марта сөзінің аяғын жұтып қойды. Жігіттің жүзіне барлай қарады.
– Не? Сен әзілдеп тұрған шығарсың? Қайдағы бала? Біз бұлай келіспеген болатынбыз? Күні ертең қолыңдағы ақшаны аласың да өзіңді қалпыңа келтір. Ал болашақта жүкті болмаудың амалын қарастыр. Жігіт түтігіп кетті. Түрінде сыпайылықтан, мейірімділіктен жұрнақ та қалмаған.
– Қалыпқа келгені несі, – деді Марта түсінбеген қалпы.
– Баланы алдырасың. Өтірік ақымақ болма. Сен бәрін жақсы түсініп тұрсың. Сен менің әйелім, есейген балаларым барын білмедің бе? Виктор ашудан қалшылдап кетті.
– Мен жатамын. Тойлап болдық, – деп жатын бөлмеге өтті.
Марта ас бөлмеде отырып, ұзақ жылады. Өзін бір лай суға лақтырып жібергендей сезінді, азарланды. Виктордың ұялы телефонын алып, ақтара бастады. «Әйелім» дегенді тауып алды. Аты жазылмапты.
Келесі күні Виктор телефон шалып, қатал үнмен.
– Мәселені шештің бе, – деп сұрады. Марта да қырсығып:
– Менде ешқандай мәселе жоқ, – деді.
– Өтірік көлгірсіме. Аптаның аяғына дейін пәтерді босат. Саған көл-көсір, еш қамсыз өмір ұнамайды екен, онда жатақханаңа орал. Виктордың дауысы сондай қатал шықты.
Марта өзіне айтылған былапыт сөзді әрі қарай естіп тұрғысы келмеді ме, тұтқаны қоя салды. Ол көп ойланбастан «сүйіктісінің» әйелінің телефонын тере бастады.
– Тыңдап тұрмын. Ар жағындағы дауыс сондай әдемі, жұмсақ естілді.
– Қайырлы күн. Кешіріңіз, неден бастарымды білмей тұрмын... Марта тұтығып, әзер сөйлеп тұр.
– Қымбаттым, менің уақытым өте аз. Егер сіз қабылдауға жазылғыңыз келсе, онда клиникаға телефон шалыңыз.
– Мен сіздің күйеуіңіздің ашынасымын.
– Иә, сонымен мен не істеуім керек? Әйел қарқылдап күліп жіберді.
– Сен сол пәтерде тұрасың ба? Туполев көшесіндегі?
– Иә. Сіз оны қайдан білесіз. – Марта жылап жібере жаздады.
– Сен қазір сондасың ба? – деп сұрады.
– Иә.
– Онда күт. Мен бір сағаттан соң барамын.
Марта аяқ-қолы дірілдеп, есікті ашты. Виктордың әйелі өте жас көрінеді екен. Тәкәппарлығы көрініп тұр.
– Сәлеметсіз бе? Менің атым Виктория.
– Марта. Әйелдің мысы басты ма, дауысы міңгірлеп шықты. Ол өз бәсекелесіне сынай қарады.
– Марта... әдемі есім. Жасың нешеде, Марта. Менің күйеуімнің пәтерінде не істеп жүрсің? Ол Менсінбей қыздың басынан аяғына дейін шолып шықты. Бұл сұраққа не деп жауап берерін білмеген ол жылап жіберді.
– Жарайды, көзіңнің жасын көлдетпе. Ол саған қандай уәде берді?
– Иә, анасын шетелге жібергеннен кейін «үйленемін» деген. Кешіріңіз мені, Виктордың отбасылы екенін білгенде маңыма де жуытпас едім...
– Енді мен не істеуім керек? Ажырасайын ба? – деді Виктория жымысқы күлкімен.
– Ол бәрібір саған үйленбейді. Бізді заңды некеден бөлек отбасылық бизнес байланыстырады. Мен бұл пәтер жайлы бұрыннан білемін. Бұл оңбаған өмір бойы көзіме шөп салып келеді. Сен бірінші де емессің және соңы да сен емес... Оның түрі сұрланып тұр.
– Сіз осының бәрін біле тұра қалай жайбарақат айтып тұрсыз, Виктория! Сіз оны мүлдем сүймейсіз бе? Марта көзі шарасынан шыға қарап қалды. Ол шын таң қалып тұр.
– Шынымды айтсам, оны өлердей жек көремін. Менің қолымда болса қазір-ақ үйден қуып жіберген болар едім. Өкінішке орай онда біздің фирмамыздың 40 процент акциясы бар. Ажырассақ фирмамыздан түк те қалмайды. Ондаған жылдар бойы төккен тер заяға кетеді. Сондықтан мен бұған жол бере алмаймын. Әйел ағынан жарылды.
– Фирманың негізін менің әкем қалаған. Сондықтан оның сеніміне сатқындық жасай алмаймын...
– Мен кеше оған балалы болатынымызды айтқанмын. Виктор айқайлап, баланы алдыруымды талап етті, – деп түсіндірген болды Марта.
– Ал сен ше? Әлде баланы сылтауратып ақшалы болғың келе ме? Әйелдің ашулы көзі қарауытып кетті. Бірақ білдірмеген болды.
– Жоқ, о не дегеніңіз. Мен Виктор соншалықты бай деп ойламаппын. Оның үстіне ол науқас анасын емдету үшін ақша үнемдейтінін білемін.
– Оңбаған. Ол өзінің балалар үйінде өскендігін, ешқандай туысқаны болмағанын айтпады ма? Марта, жасың нешеде?
– Он тоғыздамын.
– Менің қызымнан бір жас кіші екенсің. Осыдан кейін оны қандай адам деуге болады. Қалай дәті барды қызынан да кіші қызды алдап. Түсінбеймін. Виктория әлденені айтып күбірлеп тұр. Ол орындыққа отырып жылап жіберді. Мартаның дегбірі қашып, оны қалай жұбатарын білмеді. Себебі жаңа ғана алдында өзіне өзі сенімді, жігерлі, әдемі әйел тұрған болатын.
– Өтінемін, жыламаңызшы. Марта енді әйелді жұбатуға кірісті.
– Сізге су әкеліп берейін бе?
– Жоқ, керісінше шай қоя салшы, – деді Виктория күрсініп.
Виктория мен Марта шай үстінде ұзақ әңгімелесті. Өзінің бейтаныс еркекке ессіз ғашық болғанын, оған сенгенін айтты. Өзінің онсыз да өмір теперішін көргенін, отбасында бас көтерер адам жоғын, апасының науқас, екі бауыры әлі кішкентай екенін айтқан Марта да бейтаныс әйелге ағынан жарылып, бар шындықты алдына жайып салды.
– Ендігі күнім не болады? Үйде анам мен екі інім бар. Мен оларға көмектесуім керек. Ал мен үйге бала құшақтап барып, апама масыл болғым келмейді. Күні ертең мен пәтерді босатып, жатақханаға барсам ондағылар аяғымның ауыр екенін біліп қояды. Енді Марта көз жасына ерік беріп, ағыл-тегіл жылап отыр.
Мұның әңгімесін мұқият тыңдаған Виктория кенет:
– Тоқтай тұр, – деді.
– Бірден салың суға кетпесін. Мен саған көмектесемін. Және мұны не үшін істейтінімді сұрама. Викторды да орнына қою керек. Виктория ұялы телефонымен күйеуінің нөмірін тере бастады.
– Алло, Виктор. Туполев көшесіндегі пәтерге тез жет. Әңгіме бар!
– Ол келе ме? – Марта қорыққанынан аяқ-қолы дірілдей бастады.
– Келмей қайда барады. Өзі үшін келсін. Сен қорықпа. Отыр, үндеме.
Жарты сағат өткенде есік қоңырауы безілдей жөнелді. Марта диванда отырған күйі қалды. Виктория есік ашты.
– Неге өз кілтіңмен ашпадың? Қысылып тұрсың ба, – деп әдейі сұрады.
– Сен пәтерді қайдан білесің? Мұнда не істеп жүрсің. Қымбаттым, жүр үйге қайтайық, бұл сен ойлағандай емес. Үйге барған соң бәрін түсіндіремін. Жігіттің түрі бұзылып кетті.
– О не дегенің? Бұл жерде бәрі өзіміз. Отыр, әңгімелесейік, – деді. Виктория орындыққа жайғасып жатып.
Виктор диванның шетіне отырып, галстугін жөндеген болды.
– Өз балаңнан құтылғың келгені рас па, аяғы ауыр әйелді көшеге қалдыруға қалай дәтің барды? Сен шынымен сондай оңбаған ба едің? – Виктория ашуға берілмей сабырмен сөйлеп отыр.
– Қымбаттым, о не дегенің. Мына қыз маған жала жауып отыр. Сен оған сенесің бе?
– Біріншіден, мен саған қымбатты емеспін. Екіншіден мен Мартаға сенемін. Себебі, саған қарағанда оның ар-ұяты бар. Мұны қалай шешеміз. Мен бұл оқиғаны әкемнің білгенін қаламаймын.
– Иә, Павел Степановичке айтудың қажеті жоқ. Өтінемін. Сен қалай айтсаң солай болады, – дауысы дірілдеген Виктордың қазіргі кейпі күлкілі еді.
– Бір көргеннен ғашық болған, өз-өзіне сенімді, жігерлі жігітті Марта да танымай отыр. Ол өз әйеліне соншалықты жалынышты қарағаны мұның күлкісін келтірді. Аждаһаның алдында тұрған қоянның көжегі секілді. Бір ауыз артық сөз айта алмаған бейшара кейіптегі Виктордың ұсқынын көріп, жиіркеніп кетті.
– Пәтерді өз балаңа қалдыруға қарсы болмассың деп ойлаймын. Біздің балаларымыз Англияда оқиды. Ал мына бала кімнен кем. Ең болмаса осы кезде жігіттігіңді көрсет.
Виктория күйеуіне мысқылдай күліп қарады.
– Әрине, өзім де солай жасағым келген. Марта мені дұрыс түсінбеген болуы керек, – деді Виктор мұрнының астынан міңгірлеп.
– Мүмкін ай сайын оның шотына ақша салып тұрарсың. Жалғыз өзі баламен қалай өмір сүреді, ауыр ғой...
– Иә, иә, солай жасаймын. Марта, ертең нотариусқа барып пәтердің барлық құжаттарын рәсімдейік. Сосын банктен есепшот аштырайық.
– Рахмет. Мартаның дауысы тым суық шықты.
– Міне, келістік. Үйге кеттік. Ол Викторияға қарады.
– Сен бара бер, сүйіктім. Мен сәл кештеу барамын, – деді әйел күлімсіреп.
Виктор орнынан тез тұрды да пәтерден шыққанша асықты. Ал Марта мен Виктория бір-біріне қарады да күліп жіберді.
– Сіз оны қатырдыңыз. Сырт қарағанда мықты сияқты көрінгенімен сіздің бір қарағаныңыз жеткілікті екен. Рахмет сізге! Марта Викторияға қарап қалды да, кенет оны құшақтай алды.
– Маған рахмет айтудың қажеті жоқ. Мен мұны өзім үшін жасадым. Мен оның осындай жөнсіз әрекеттерін бұрыннан білетінмін және бір рет болса да орнына қойсам деп жүр едім. Реті бүгін келді. Ол менен қорықпайды. Осынша байлықтан айырылып қаламын деп қорқады. Осының бәріне менің талапшылдығымның, табандылығымның арқасында қол жетті. Қой, мен кетейін. Бір нәрсе керек болып жатса телефон соқ! – Виктория күлімсіреп бұған қолын созды.
Арада жеті ай өткенде Марта қыз туды. Ол қызының, өзінің алдағы өмірі үшін еш алаңдамайды. Себебі, Виктор уәдесінде тұрды, ай сайын қомақты сома есепшотқа аударылып тұр. Қаланың ортасында жайлы пәтер.
– Ертең Сіз ауруханадан шығасыз, – деді дәрігер. Көшеде қыс, үйден біреулер келетін шығар?
Марта Викторияға телефон соғып, өзінің ауруханадан шығатынын айтты.
Ертеңіне Марта мен қызын Вика ауруханадан шығарып алуға келді. Балаға арналған толып жатқан заттар әкеліпті. Тіпті, бір қорап шоколад пен шампаны, гүлі бар.
– Неге сонша шығындандыңыз? Маған тек жылы көрпе алсаңыз болар еді...
– О не дегенің, бұл мен үшін түк те емес және маған баланың киімін алған ұнайды. Ханшайымның өмірге келуімен құттықтаймын. Өзіңе ұқсайды екен, әдемі! Олар баланы алып, үйге келді. Шай қойды.
– Марта, сен қай факультеттесің?
– Хирургия
– Керемет. Менің пластикалық хирургия клиникам бар. Маған жұмыс істеуге келесің бе? – Виктория сұраулы жүзбен Мартаға қарады.
– Әрине, бірақ оқуымды аяқтайын.
– Бітіресің, бір жыл балаңа қарап, үйде отыр. Сосын балақайға қарайтын күтуші табамыз. Айтпақшы, баланың атын кім деп қоясың? Виктория Мартаға барлай қарады.
Ол ойланбастан:
– Виктория, – деді.
– Шын айтасың ба?
– Иә, шын. Ол сіз сияқты өзіне сенімді, мықты болса екен. Виктория шыныңызды айтыңызшы, сіз маған неге көмектесіп жүрсіз, керісінше сіз мені жек көруіңіз керек еді ғой.
– Саған айттым ғой, сен менің қызыма қатты ұқсайсың, ол да сен сияқты ақымақ. Оның үстіне екеуміздің «жауымыз» бір. Екеуі бөлмені басына көтеріп күлді.

Орысшадан ықшамдап аударған
С.СҰЛТАНҚЫЗЫ
09 сәуір 2019 ж. 1 066 0