Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Цифрлық жүйенің майталманы

Цифрлық жүйенің майталманы

Аудандық емханада «балтыры сыздап, басы ауырған» кез келген адам іздейтін бір маман бар. Ол – Гауһар Сақыбекова. Расында да, сала маманының жұмысы қауырт екені талай рет дәлелденген. Әрқашан портал қызметін үйлестіріп отырған білікті маман көпшілік алдындағы жауапкершілікті терең сезінеді.

Осыдан 41 жыл бұрын Асқар Тоқмағанбетов ауылында дүниеге келген Гауһар Пауединқызы портал қызметіндегі көзге көрінбейтін, бірақ аса маңызды жұмысты атқарып келеді. Сәт сайын еліміздің ірі қалаларындағы медициналық орталықтармен байланыс орнатып, науқастарды уақытылы ауруханаға жатқызуға ықпал етеді.

– Денсаулық сақтау саласында еңбек етіп келе жатқаныма 20 жылдан асты. Қазіргі таңда аудандық аурухананың портал бөлімінде жұмыс істеймін. Біздің негізгі міндетіміз – тұрғындарды қабылдауға дұрыс бағыттау, дәрігерлерге тіркеу және қажетті медициналық қызметтерге уақытылы жолдама беру. Бұл жұмыс ұқыптылықты, жылдамдықты әрі адамдармен дұрыс қарым-қатынас орната білуді талап етеді.

Күн сайын әртүрлі мәселемен келген азаматтарға қызмет көрсетеміз. Әрқайсысының сұранысын мұқият тыңдап, түсінікті түрде жауап беруге, барынша көмектесуге тырысамын. Себебі алғашқы қабылдау мен дұрыс бағыт-бағдар беру – науқастың уақытылы әрі сапалы ем алуына тікелей әсер етеді.

Жылдар бойы жинақтаған тәжірибем әр жағдайға байыппен қарап, дұрыс шешім қабылдауыма көмектеседі. Сонымен қатар, қазіргі цифрлық жүйелермен жұмыс істеуді меңгеріп, қызмет сапасын арттыруға күш салып келемін.

Әріптестеріммен бірлесе отырып, халыққа қолжетімді әрі тиімді қызмет көрсету – басты мақсатымыз. Алдағы уақытта да өз ісіме жауапкершілікпен қарап, тұрғындардың алғысына бөлене берсем деймін, – деді тәжірибелі маман.
03 мамыр 2026 ж. 49 0