БІРЫҢҒАЙ ЖИЫНТЫҚ ТӨЛЕМ: ОНЫ ТӨЛЕУДІҢ ТӘРТІБІ МЕН ЕРЕЖЕСІ БЕКІТІЛДІ
Елбасы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеу үдерісін мейлінше жеңілдетіп, оларға мемлекет алдындағы міндеттерін адал атқару тиімді болатындай жағдай туғызу қажет», – деп атап өткен болатын. Осыған орай аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Ғани Тәңірбергенұлы Нұртазаев газет тілшісінің бірнеше сұрақтарына жауап берген болатын.
– Ғани Тәңірбергенұлы, бірыңғай жиынтық төлем туралы түсініктеме берсеңіз?
– Бірыңғай жиынтық төлем (бұдан әрі – БЖТ) – өзін-өзі жұмыспен қамтылғандарды әлеуметтік қорғалуды қамтамасыз ететін қызметті оңайлатылған тіркеу режимі. Бейресми жұмыспен қамтылғандарды тіркеуді оңайлату және олардың қызметін заңдастыру үшін 4 төлемді (жеке табыс салығы, әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорына әлеуметтік аударымдар, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына зейнетақы жарнасы және міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорына аударымдар) біріктіретін арнайы салық режимі – Бірыңғай жиынтық төлем 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізіліп отыр.Төлем төлеуші салықтық органдарына есеп бермейді.
– Бірыңғай жиынтық төлем не үшін қажет?
– 2015 жылы 16 қарашада «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Осыған сәйкес әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылды. Қордың міндеті азаматтарды жаппай сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету болып табылады. 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап қорға жұмыс берушілер аударымдар жасауда, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыскерлер аударымдар жасайды.
Бірыңғай жиынтық төлем төлеушілерге мынандай мүмкіндіктер жасалған:
Бірінші: міндетті медициналық сақтандыру аясында барлық медициналық қызмет түрлеріне қол жеткізе алады. Медициналық ұйымды таңдау құқы болады.
Екінші: Зейнетақы жүйесінде еңбек өтілін жинап, базалық және жинақталған компоненттер есебінен үлкен көлемде зейнетақы алатын болады. Бұл орайда төлеушілердің базалық зейнетақы көлемі еңбек өтіліне қарай есептеледі.
Үшінші: Еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан айырылған жағдайда, жүктілік және бала туғанда, бала асырап алғанда немесе 1 жасқа дейін бала күтімінде отырғандарға әлеуметтік сақтандыру қорынан сақтандыру төлемдерін алуға мүмкіндік туады.
Бірыңғай жиынтық төлем енгізу бейресми санатын ресмилендіруге ынталандырады және оларды әлеуметтік сақтандыру және зейнетақымен қамсыздандыру жүйелеріне тартуға, қаржылық жүктемені азайтуға және тіркеу, төлем жасау және әкімшілік процестерін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Төлем тәртібі мен бөлу тетігі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 18.01.2019 жылғы №4 «Жеке табыс салығы мен әлеуметтік төлемдер түрінде бірыңғай жиынтық төлемді төлеу, бөлу және аудару, сондай-ақ оларды қайтару қағидалары»қаулысымен белгіленген.
– Бірыңғай жиынтық төлемді кімдер төлейді?
– Бірыңғай жиынтық төлем режимі формалды емес жұмыспен қамтылғандарға жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ кәсібін жүргізуге мүмкіндік береді. Табыс табу үшін формалды емес кәсібін жүргізіп отырған жеке тұлғаларға, жалдамалы жұмыс күшін пайдаланбай дара айналысатын, қызмет көрсететін басқа жеке тұлғаларға, қосалқы шаруашылығын жүргізіп отырғандарға, үй жұмыскерлеріне арналған.
Салық кодексі 24-бөліммен толықтырылып, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Онда бірыңғай жиынтық төлем туралы атап көрсетілген. Бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер дара кәсіпкер ретінде тіркелмей кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын, бір мезгілде мынадай шарттарға сай келетін:
1) бірыңғай жиынтық төлемді төлеген;
2) жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбайтын;
3) қызметтерді салық агенттіктері болып табылмайтын жеке тұлғаларға ғана көрсететін және (немесе) акцизделетін өнімдерді қоспағанда, жеке қосалқы шаруашылықтың өзі өндірген ауыл шаруашылығы өнімін салық агенттіктері болып табылмайтын жеке тұлғаларға ғана өткізетін жеке тұлғалар бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер деп танылады.
Бірыңғай жиынтық төлем төлеушінің кірісінің күнтізбелік жылдағы мөлшері айлық есептік көрсеткіштің 1175 еселенген мөлшерінен (2966875 теңге) аспауға тиіс.
– Бірыңғай жиынтық төлемнің мөлшері қандай?
– Бірыңғай жиынтық төлемнің мөлшері қала тұрғындары үшін – 1 айлық есептік көрсеткіш (2525 теңге), ауыл тұрғындары үшін – 0,5 айлық есептік көрсеткіш(1262,5 теңге) құрайды.
Бірыңғай жиынтық төлемнің үлесі мынандай:
– 10% - жеке табыс салығы;
– 20 % - әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорына әлеуметтік аударымдар;
– 30 % - Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына зейнетақы жарнасы
– 40 % - міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорына аударымдар.
– Бірыңғай жиынтық төлемді қайда төлеуге болады?
– Бірыңғай жиынтық төлемді екінші деңгейлі банктер, Казпошта бөлімшелері және терминалдары, сондай-ақ, kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы төлеуге болады. Әлеуметтік аударымдарды Мемлекеттік корпорация 3 күн ішінде тиісті әлеуметтік қорларға бөлуді жүзеге асырады. Төлемдердің мерзімділігі - айына бір рет, бірден тоқсан үшін, алты айға, бір жылға алдын-ала, әркімнің ыңғайына қарай төлеуге болады. Бұл орайда төленетін әрбір айды жеке көрсету қажет.
– Бірыңғай жиынтық төлемнің төленген сомасы туралы мәліметті қайдан алуға болады?
– Қазақстан Республикасының Салық Кодексіне сәйкес «Азматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жеке сәйкестендіру нөмірінің базасында бірыңғай жиынтық төлем төлеушілердің дербестелген есебін жүргізеді. Сәйкесінше, бірыңғай жиынтық төлемнің төленген сомасы туралы мәліметті Мемлекеттік корпорацияның бөлімшелерінен алуға болады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбатты жүргізген Б.ЖАНӘЛІ