Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Салық органдары жасанды интеллектіні қолданатын болады

Салық органдары жасанды интеллектіні қолданатын болады

Жыл соңына дейін салықтық берешекті әкімшілендіруге қатысты қосымша өзгерістер мен жаңа бастамалар күтіледі. Бұл туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Аудит департаментінің берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Арын Қайсар тікелей эфир барысында мәлімдеді.KAZINFORM 

Спикердің айтуынша, қазіргі уақытта салық органдары жасанды интеллект негізінде пилоттық жобаны іске қосып жатыр. Бұл жаңашылдық салық төлеушілердің мүлкін түгендеу және бағалау рәсімін айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндік береді.

— Қазіргі уақытта аумақтық органдардағы әріптестеріміз мүлікке түгендеу актісін толтыру кезінде бірқатар қиындыққа тап болады. Оның ішінде — мүліктің баланстық құнын дәл сол сәтте анықтай алмау. Бұл процесс әдетте бір айдан астам уақытты алады. Себебі біз «Проблемалық кредиттер қоры» арқылы тәуелсіз бағалаушыларды тартамыз. Одан кейін есеп комиссия арқылы беріледі. Бұл ұзақ әрі күрделі тізбек, — деді Арын Қайсар.

Жаңа жоба бұл процесті түбегейлі өзгертуге бағытталған.

— Жаңа жүйе бойынша салық инспекторында арнайы мобильді қосымша болады. Сол қосымшаның көмегімен инспектор мүлікті фотоға түсіреді, ал жасанды интеллект негізінде бағдарлама автоматты түрде бағалау есебін дайындайды. Бұл бар болғаны 20 минуттан 3 сағатқа дейін уақыт алады. Біз бұл пилоттық жобаны сынақтан өткіздік, нәтижесінде бір айлық жұмысты бірнеше сағатта орындауға болатыны дәлелденді, — деп түсіндірді спикер.

Қазіргі уақытта жоба Қаржы министрлігінде қаралып жатыр. Егер қолдау тапса, Әділет министрлігінен тіркеуден өткізіп, тәжірибеге ресми түрде енгізілмек. 

Бұған дейін Қазақстанда жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылатынын жазғанбыз.

Еске сала кетейік, биылғы Президент Жолдауының біріктіруші идеясы — цифрландыруды кең көлемде дамыту және жасанды интеллектіні жаппай енгізу.


18 қыркүйек 2025 ж. 117 0