Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » СЫРДАРИЯЛЫҚТАР ҮЗДІК ҮШТІКТЕ

СЫРДАРИЯЛЫҚТАР ҮЗДІК ҮШТІКТЕ

Әйел-аналардың мерекесі аймақ көлемінде кеңінен аталып өтілді. Ақ жаулықты аналар мен қыз-келіншектерге зор құрмет көрсетілді.
Гендерлік саясаттың елімізде жүзеге асуы нәзік жандылардың мемлекеттік қызметте үлес салмағы бар екенін аңғартады. Үй мен қызметті қатар алып жүрген азаматшалардың еңбегі зор. Қашанда ерлермен қатар қызметте өзіндік позициясын ұстану әйел бойынан табылатын қасиет. Бұларға үнемі мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Бұрнағы күні Қызылорда қаласындағы «Мұз айдыны» спорт кешенінде мемлекеттік қызметтегі қыз-келіншектер арасында волейболдан облыстық турнир өткізілді.
Жарыстың мақсаты мемлекеттік қызметшілер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру болып табылады. Аймақ бойынша 8 команда қатысқан жарыста сырдариялық қыз-келіншектер бақ сынады. Құрамында 10-ға жуық мемлекеттік қызметтегі қыз-келіншек бар біздің команда тартысты турнирде жүлделі ІІІ орын иемденді. Қалған ІІ орынды Жаңақорған, І орынды Шиелі командасы еншіледі. Әркез жұмыс арасында жаттығуды үзбейтін сырдариялықтар үздіктер қатарынан көріну үшін барынша тер төкті.
Осылайша төл мерекесінде облыстық турнирде жүлдеге іліккен волейболшы қыз-келіншектерді аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев қабылдап, мерекемен және жүлделі орындарымен құттықтады. Аудан әкімі атынан арнайы «Алғыс хат» тапсырды.

Б.ОРДАБЕКОВ

12 наурыз 2019 ж. 488 0