Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысында су тасқыны қаупі бар

Қызылорда облысында су тасқыны қаупі бар

- Қызылорда облысында су тасқыны қаупі бар. Осыған орай жергілікті жұртшылық Сырдария өзенінде көктемгі сең жүруіне байланысты үлкен дайындық жасап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі таңда «Шардара» су қоймасына 4 млрд текше метрден астам су жиналған. Аталмыш су қоймасынан төменгі бөлікке секундына 700 текше метрден су жіберіліп жатыр. Бүгінгі күндері оның тең жартысына жуығы «Көксарай» су реттегіші арқылы алынады. Қызылорда облысы аумағына секундына 390 текше метр су келуде. Сырдария өзенінде мұз ұстасу жағдайы әркелкі. Дария бетіндегі мұз облыстың солтүстік бөлігіндегі Жалағаш, Қармақшы, Қазалы, Арал аудандарында аңғарылады. Ондағы дария бетіндегі мұздың қалыңдығы 30-50 сантиметрді құрайды. 

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандары су басу қаупі бар елдімекен тұрғындарына үнпарақтар таратып, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Дариядағы су тасқынының алдын алу мақсатында күнделікті мониторинг жасалады. «Қазір жоғарыдан келетін су мөлшерін қауіпті жағдайдан асырмау жөнінде тиісті орындармен келісіп отырмыз. Осы мақсатта «Шардара» мен «Көксарайдан» төменге бағытталатын су деңгейінің кестесі қолға алынып отыр. Облысымызға келетін артық суды босататын магистралды каналдар, көл жүйелері дайын тұр», - деді Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Асылбек Шәменов.

Айта кетерлігі, алдағы уақытта Қызылорда облысында тасқын су жинайтын 6 су қойма салу жоспарланып отыр. Оның ішінде ең ауқымдылары - 1,5 млрд текше метр су жинайтын Қараөзек және 600 млн текше метр су жинайтын Күміскеткен су қоймалары. Бұл іс агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынады. 

21 ақпан 2019 ж. 946 0