СЫРҒА ЖЕТКЕН ЗОР ҚУАНЫШ
– Бір-екі, үш-төрт, әріқарай шатаспаймыз. Қолды биік ұстаймыз. Аяқты түзу қоюға машықтанамыз, – деп үйірмеге алғаш келген бүлдіршінге қимыл- қозғалыстың алғашқы әліппесін үйреткен оқытушы дауысынан басқа би залында ешкімнің үні естілмейді. Үйірмеге келген әр оқушы оқытушының айтқанын қалт жібермеуге тырысады. Келесі кезекте сол қимылды айна-қатесіз орындауға ұмтылады Әр қимылын байыппен орындайтын олардың биге деген ынтасы зор. Сүйріктей қолдарымен ерекше иірімді меңгеруді әрқайсысы өз алдына мақсат етіп қойған. Қаз-қатар тізілген 16 қыздың бала күнгі арманы бір арнаға түйіскендігі ғажап-ақ. Тәжірибелі жетекші Ақмарал Пернебаева бұл қыздардың басын қосып, «Балауса» халықтық би ансамбілін құрғанына да біраз болды.
Бұлармен қатар концерт залында ән үйірмесі жұмыс жасап жатқан болатын. Дауысын кеңейте шығарған балғынның орындауында ерекше ән жүректі тербейді. Үйірме жетекшісі ән айтудағы өзіндік технологияны барынша түсіндіру үстінде. Кемшілігін қағазға түрткен жас әншінің жанарынан талай сырды аңғарасыз. Биік белесті бағындыруға құлшынысы ерекше. Бір мезетте сабақты ортасынан үзген әдіскер «басшылық шақырып жатыр» деген ишарат білдірді. Басшы бөлмесіне әлгіндегі би үйірмесінің жетекшісі еш ойланбастан Ақмарал да ере кірген. Мекеме басшысы тарапынан алдағы уақытта Астана қаласында халықаралық ән-би бағытында қос байқау өткізілетінін ескертті. Ән үйірмесінің жетекшісі Айләззат Сүлейменова Асанәлі Төребековті осы байқауға лайық көрді. Ал, Ақмарал «Балауса» ансамбілін апаруға ұйғарым жасады. Күн сайын халықаралық байқауға дайындық қыза түсті. Жетекші тарапынан қосымша тапсырма жүктеліп, байқау қатысушылары кәсіби тұрғыдан біліктілігін арттырды. Күннен-күнге жоспарлы міндет айқындалып, әр баланың қабілетін тиісті деңгейге көтеруге күш жұмсалды.
Теміржол вокзалына жиналған ата-ана мен байқауға қатысушылар Астана бағытында жүретін жүрдек пойыздың келуін асыға күту үстінде. Әр баланың қуанышында шек жоқ. Көкейде қос байқаудың «жеңімпазы атансам», – деген үлкен үміттің лебі ескендей көрінеді. Бір уақытта күткен пойыз да келіп жетті. Жаңа белесті бағындыруға аттанғалы тұрған қатысушыларға табысты оралу үшін көпшілік ақжарма тілегін жаудырып жатты.
Сарыарқа төріне жеткен аудан өнерпаздары «Кazakhstan stars» халықаралық ән-би байқауында бақ сынады. «Балауса» халықтық би ансамбілі аталмыш байқауда «Тойға шашу» халық биін сахналады. Еліміздің барлық өңірінен келген 37 би тобы ішінен «Балаусының» бойжеткендері І орынды иемденді. Бұдан бөлек ансамбль еншісінде «Үздік халықтық би» номинациясы бар. Ал, ән жанры бойынша Асанәлі Төребеков Ұлықпан Жолдасовтың «Сәби бақыты» әнін орындады. Талапты өрен аталған әнді жоғары дәрежеде орындап, жүлделі І орынды еншіледі. Келесі межені Елорда төрінде аудан өнерпаздары бағындыруға қадам жасады. «Бала шабыты» халықаралық байқауында аталған би ұжымы мұнда да жүлделі І орынмен марапатталып, жеңімпаз атанды. Асанәлі Төребеков бұл сында ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Осылайша қос байқауда жеңімпаз атанған Сырдариялық өнерпаздар Сыр елі – жыр елі, өнерпаздар Отаны екенін тағы да дәлелдеді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ