«СЕРПІННІҢ» СЕРПІЛІСІ
Аптаның сәрсенбісінде «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының мәжіліс залында ауданға қарасты білім ошақтарының бітіруші түлектерімен кездесу өткізілді.
Басқосуда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» идеясының шеңберінде 2014 жылдан бері «Серпін-2050: Мәңгілік ел жастары - индустрияға» атты әлеуметтік жобасы жайлы жас түліктер толық мағлұмат алды. Жобаның негізгі тетігі - республиканың оңтүстік өңірінің (Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстары) жастарын еңбек ресурстарына сұраныс көп батыс және солтүстік аймақтарда білім алуға жағдай жасап, кейін сол аймаққа жұмысқа орналастыру мүмкіндігін жасау болып табылады. Бұл ретте аталмыш жоба аясында оңтүстік өңірдің мыңдаған жас өрендеріне солтүстік, батыс, шығыс аймақтарында колледждер мен ЖОО-да сапалы білім алуына мүмкіндік береді. Кездесуде аудандық партия филиалының кеңесшісі Б.Ахметов, аудандық білім бөлімінің бас маманы Ж.Қойшыбаева, «Жас Отан» жастар қанатының аудандық бөлімшесінің басшысы А.Омаров жобаға шеңберінде туындаған оқушылардың сауалына жауап берді. Өз кезегінде Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» мамандығының 4 курс студенті Ә.Мығымбаева, жобаның тиімді тұстарын жан-жақты саралап, айтты.
Балтабай Ордабеков