2019 жылы инфляция 5-6 пайыз шегінде болады
- 2018 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 5-7 пайыз нысаналы дәліз шегінде сақталды. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев БАҚ өкілдеріне арналған брифингте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның атап өтуінше, өткен жылғы соңғы үш айда инфляция 5,3 пайыздық деңгейде болып өзгерген жоқ. 2017 жылмен салыстырғанда инфляцияның бәсеңдеуі тұтынушылық тауарлар мен қызмет көрсетулердің барлық тобы бойынша тіркелген.
«Базалық инфляцияның серпіні тұтынушылық нарықтағы инфляциялық аяның сақталуын растайды. Оның неғұрлым құбылмалы бағаларды және реттелетін құрауыштарды қоспай есептелген деңгейі 2018 жылы 6,2 пайыздан 6,7 пайызға дейін жеделдегенін көрсетті», - деді Д. Ақышев.
Ол әлемдік тауар нарықтарында бағалардың жалпы төмендеуінің байқалып отырғандығын атап өтті. ФАО индексі жылдық көрсеткіште 4,3% төмендеді. Желтоқсанда сүт өнімдері мен қант бағасын белгілеудің төмендеуі тіркелді. Осыған қарамастан, дәнді дақылдардың, ет пен майдың бағасы өсті.
«Жоғарыда аталған факторларды ескере отырып, ағымдағы жылы Қазақстан Ұлттық банкі инфляцияның жаңа, неғұрлым төмен 4-6 пайыздық дәліз ішінде сақталуын күтеді.
Бұл ретте, ағымдағы бағалаулар, оның деңгейінің жылдың соңында 5-6 пайыз шегінде дәліздің жоғары бөлігінде қалыптасатындығын көрсетеді», - деді Қазақстан Ұлттық банкінің басшысы.
Пікір 1